Русский Сайттың толық нұсқасы

Жаңа жасақталған Үкіметтің алғашқы отырысы

  • AstanaTV
  • 26 ақпан 2019
  • 3184

6 минут 51 секунд. Жаңа жасақталған Үкімет алғашқы отырысын осындай қысқа уақыт ішінде қайырды. Асқар Мамин ертең «Нұр Отан» партиясының съезінде халықты әлеуметтік қолдауды күшейту, елдің тұрмыс сапасын арттыру бойынша жаңа шаралар жарияланатынын айтты. Отырыста жаңа министрлер Шәмшидинова, Скляр және Дәленовтер ант қабылдады. Жиынға тек Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрі Бердібек Сапарбаев қатыспады. Премьер оның әзірге Ақтөбеде екенін айтып, алдағы жиынға келетінін жеткізді. 

Асқар МАМИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: 

Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік және экономикалық дамуын жаңа сапалы деңгейге шығару, халықтың табысы мен тұрмысы деңгейін арттыру, тиімді жаңа жұмыс орындарын құру, шағын және орта бизнесті дамыту бойынша бірінші кезектегі міндеттерін қойып отыр. Осындай нақты іс-шаралардың нәтижесінде халықтың әл-ауқатын арттыра аламыз.

Ал, Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Үкімет отырысына коммуналдық қызметтерді төлейтін өз үйінің түбіртегін ала келіпті. Министр тарифтер 10 пайызға төмендегенін байқаған. Өзі қанша төлеп жүргенімен бөлісті.  

Руслан ДӘЛЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ: 

Кеше пошта жәшігінен түбіртекті алдым. Электр энергиясы бойынша тариф 15,32 теңге болса, қазір 13,89 теңге, яғни, төмендеу 10 пайызды құрады. Бұл Астана бойынша мәлімет. Жылу беру 3 097 теңге болса, 2 788 теңге деңгейінде қалыптасты. Жалпы, 10 пайыздық төмендеу байқалады. Егер де осындай өзгерістер сезілмесе, онда тікелей маған келулеріңізді сұрар едім. Сәйкесінше, осы мәселені өзімнің бақылауыма аламын.

Д. Қайыртай