Русский Сайттың толық нұсқасы

Астана тұрғындары ашық құдықтармен күресті бастады

  • AstanaTV
  • 27 ақпан 2019
  • 3684

Астана тұрғындары ашық құдықтарды жабуға өз ақшаларын сала бастады. Ерікті азаматтар қақпақ сатып алып, мектеп маңындағы ашы-шашық құдықтардың бетін жапқан. Ал, коммуналдық кәсіпорындар кәріз құдықтардың ішіне темір тор тартып жатыр. Осылайша, қайғылы оқиғаның алдын аламыз деп санайды. Әлішер Өмірзақ жалғастырады.  

Астаналықтар қалада қақпақсыз қалған құдықтарды өз беттерінше жабуға кірісті. Ол үшін 200 мың теңгедей ақшаларын қиған. Еріктілер тобы туралы аз-кем ақпарат алмақшы болып едік. Игі іс істеп жатқан жігіттер жарнама қажет емес деген сыңай танытты.    

Мадияр КАЛМЕНОВ, ЕРІКТІ: 

Соңғы қайғылы оқиғадан кейін осындай полимерден жасалған арнайы люктарға заказ бердік. Дереу сол келісімен орнату жұмыстарын жүргізіп кеттік. Өз-өзімізді жарнамалау емес. Біреуіміздің қарындасымыз, біреуіміздің ініміз, балаларымыз. Сондай қаншама ашық жатқан люкқа түсіп, қайғыға ұшырамауы болды. Сол себепті, арнайы қаражат бөліп, орнатуға шешім қабылдадық.

Әлішер ӨМІРЗАҚ, ТІЛШІ:  

Ұрылардың көзі түсетін шойын қақпақтардан мына полимер-құмды қақпақ 5 есе арзан. 9 мың теңге шамасында. Өзі тоғыз тоннаға дейін көтереді. Жарамдылық мерзіміне келсек, өндірушілер 10 жыл өтсе де «былқ» етпейді дейді.

Ал, бұл «Астана Жылу»-дың жаңалығы. Мынадай темір тор 300 келіге дейін көтереді. Орнатуға бір-екі сағат жетеді. Құны 3 мың теңге. Алдағы уақытта Астанадағы 80 мыңнан астам құдық қақпағының астына осындай темір тор бектілімек.  

Жанібек АМАНБАЕВ, «АСТАНА-ТЕПЛОТРАНЗИТ» АҚ 1-ШІ АУДАННЫҢ ПАЙДАЛАНУ ЖЕЛІЛЕРІ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСТЫҒЫ: 

16 мыңға жақын решеткаларымыз бар. Оның ішінен 6 мыңға жуық решетканы койып қойғанбыз 2012 жылы. Ал, қазір жаңа объектілер қабылданған кезде оларды бірден темір торлармен қабылдаймыз. Қалған 10 мыңы терең болмағаны үшін біз ол люктарға решетка қоймаймыз.

Ал, әкімдік қақпақ ұрлайтындар мен оны қабылдайтындарға қарсы күресті күшейткен. Бүгінде заңсыз жұмыс істеп келген 20 темір қабылдайтын орын жабылды.  

Мақсат ЕСМАҒҰЛОВ, АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІ ОТЫН-ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ РЕСУРСТАР БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: 

Күнде арнайы кезекші топтар қаладағы люктардың жағдайын бақылап жүреді. Сондай-ақ, көшедегі камера арқылы қараймыз. Қақпақсыз қалған құдықтың бетін байқасаңыздар, бізге немесе «I-komek» 109 нөмеріне хабарлауыңызды сұраймыз.

Жалпы, темір қабылдайтын пункттерден 47 тоннандан астам бұйым тәркіленіп, иелері әкімшілік жауапқа тартылған. Астаналықтар қазір қақпақты қойып, темір қоқыс жәшіктерді ұрлай бастаған.    

Ә. Өмірзақ