Ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалған Сапархан Омаровтың бүгін мерзімінен бұрын депутаттық өкілеттілігі тоқтатылды. Бұған дейін ол төрағалық еткен аграрлық комитетті енді депутат Берік Оспанов басқарады. Министр мінберден сөз алып, экс-әріптестеріне алғыс айтты.
Сапархан ОМАРОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:
Требунаға бірінші рет шығып тұрмын. Жаңа бір-екі рет қолым созылып кетті, кнопканы басуға. Құрметті Нұрлан Зайруллаұлы, құрметті әріптестер! Осы мінберде тұрып, біріншіден, елбасына осындай үлкен сенім артқанына үлкен алғыс, рахмет айтқым келеді. Екіншіден сіздерге Нұрлан Зайруллаевич, әріптестер сіздер менің кандидатурамды қолдағандарыңызға алғыс айтамын.
Сөйтіп, Мәжілісте бір орын босады. Су жаңа министрді шығарып салған депутаттар Қазақстан мен Вьетнам арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету жөнінде құжатты ратификациялады. Қазіргі уақытта еліміз 27 мемлекетпен осындай келісімдерді бекіткен. Алдағы уақытта Куба, Грекия және Македониямен әріптетік орнату пысықталып жатыр.
Андрей ЛУКИН, ҚР БАС ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бұл құжатқа еліміздің бас прокуроры 2017 жылы Ханойда қол қойған болатын. Жалпы, бұл шарт стандартты құжат болып есептеледі. Шарт қылмыстық істер бойынша құқықтық көмекті көрсету мәселелерін реттейді. Сондай-ақ, жасалған қылмыс тұрғысында күдіктінің кінәсін дәлелдеуге қажетті тергеу амалдарын жүргізу ескерілген. Сондай-ақ, қылмыстық жолмен иемденген мүлікті тәркілеу де қарастырылған.
Н. Біләл