Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстандық шаңғышы Алексей Полторанинді жарысқа шығардан 1 жарым сағат бұрын Австрия полицейлері тұтқындап әкетті

  • AstanaTV
  • 28 ақпан 2019
  • 4084

Қазақстандық шаңғышы Алексей Полторанинді жарысқа шығардан 1 жарым сағат бұрын Австрия полицейлері тұтқындап әкетті. Ол Зеефельдте өтіп жатқан әлем чемпионатында 15 километрлік қашықтықта жеке жарысқа түсуге тиіс еді. Тіпті, алтын медальға үміткер болатын. Австрия тарапы спортшыны қандай себеппен ұстағанын айтпай отыр. Ол елдің заңы бойынша кез келген азаматты атпай-шаппай 48 сағатқа қамауға алуға болады екен. Данияр Қайыртай толығырақ баяндайды.  

Кеше шаңғы спортынан әлем чемпионатында Алексей Полторанин жарысқа шығуы керек еді. Спортсүйер қауым шаңғышыдан жеңіс күтіп отырды. Алайда, мұның бірі де болмады. Ұлттық құраманың көшбасшысы 40-шы старттық нөмірмен шақырылған. Бірақ, жарыс жолына шыққан жоқ. Кейін белгілі болды - қазақстандық спортшыны шай ішіп отырған жерінен еш себепсіз ВАДА полициясы ұстап әкеткен.  

Асқар МОЖАНОВ, ШҚО ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: 

Ол жарыс басталардың алдында Эстония құрамасындағы әріптесі Андрус Веерпалдың бөлмесіне барған болуы керек. Сол уақытта ВАДА-ның офицерлері кіріп келіп, бәрін тұтқындап әкеткен. Өздеріңіз трансляциядан көрдіңіздер ғой, Полторанинді реттік саны бойынша стартқа шақырған болатын. Бірақ, оны ол кезде ұстап алып кетті. Алексей - таза спортшы.

Қазақстандық шаңғышыға не Халықаралық Олимпиада Комитеті, не Шаңғы спорты федерациясы, не Дүниежүзілік допингке қарсы Агенттіктің тарапынан әзірге ешқандай айып тағылған жоқ. Бірақ, неге тұтқындағандарын да айтпай отыр.  

Самал НАУРЫЗОВА, ШАҢҒЫ ЖАРЫСЫ ҰЛТТЫҚ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ PR-МЕНЕДЖЕРІ: 

Австрия тарапы әзірге ешқандай комментарий беріп жатқан жоқ. Біз күтіп отырмыз. Қандай да бір ресми ақпарат алу үшін біз бар күшімізді салып жатырмыз. Оның жарыстан қалып қойғанына қатты өкінеміз. Бүкіл Қазақстан алтын медаль күткен еді.

Таратылған ақпаратқа сүйенсек, біздің спортшыдан басқа, екі австриялық және екі эстониялық шаңғышы қамауға алынған. Қазір Полторанинге жаттықтырушылары, Ұлттық олимпиада комитеті мен Федерация жан-жақты қолдау білдіріп отыр. Қазақстанның Австриядағы елшілігі де көмектесіп жатыр. 

Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ: 

Ол допингтік бақылаудан өткен. Біздің заңгерлер қазір жұмыс істеп жатыр. Нәтижесін күтеміз. Бұл алғашқы жағдай емес. Біздің спортшыларға қатысты бұрын да әр түрлі айыптар тағылған. Бірақ, Қазақстан үнемі таза болып шығып отырды. Бұл жолы да дәлелдейміз.

Айта кетейік, допинг қолдану Австрияда - қылмыстық іс саналады. Егер, күдік расталатын болса, Полторанин үш жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Жауапты комитеттің төрағасы Серік Сәпиевтің айтуынша, ВАДА-ның инспекторлары кез келген уақытта спортшыларды тексере алады. Әсіресе, маңдайалды спортшыларды басты назарда ұстайтын көрінеді. 

Серік СӘПИЕВ, ҚР МСМ СПОРТ ЖӘНЕ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ІСТЕРІ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: 

Мүмкін бұл жағдайдың астарында саяси ойын жатқан шығар. Себебі, бұл қашықтықтағы жарыс Полторанинге жеңіс әкелуі мүмкін еді. Алтын медальға үміткер болатын. Осылайша, оны жарыстан алып тастауы да ықтимал.

Алексей Полторанин Шығыс қазақстан облысының тумасы. Әлемдегі үздік он шаңғышының тізіміне енген. Қазақстанға еңбек сіңірген спорт шебері деген атағы да бар. Ол 2013 жылғы Әлем чемпионатының қола жүлдегері. 2011 жылы Алматыда өткен Азия ойындарында 4 алтын медальға ие болған. Сондай-ақ, төрт олимпиада ойындарында Қазақстанның атынан өнер көрсетті.  

Д. Қайыртай