Русский Сайттың толық нұсқасы

Көпбалалы отбасыларға мамыр айынан бастап жалдамалы пәтер беріле бастайды

  • AstanaTV
  • 28 ақпан 2019
  • 6271

Көпбалалы отбасыларға мамыр айынан бастап жалдамалы пәтер беріле бастайды. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр айтты. Шаршы метрі шамамен 100 теңге болады. Демек, бір бөлмелі баспана айына 4-5 мың теңгеге шығады. 2025 жылға дейін мұндай 40 мың пәтер салынады. Оған қоса, аз қамтылған отбасыларға «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» екі пайызбен ипотека береді. Несие 20 жылға рәсімделеді. Бастапқы жарна 10%. Мұны көпбалалы, мүгедек баласы бар және толық емес отбасылар ала алады. Бір ескеретін жайт - олардың кірісі ең төменгі жалақыдан аз болу керек. Қазір ол 42500 теңгені құрайды. Осылайша, екі жылда 22500 адам баспанамен қамтылмақ. Ол үшін бюджеттен 3 жылға 50 млрд қаржы бөлінеді.  

Роман СКЛЯР, ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ: 

Жалпы елімізде 340 мың көпбалалы отбасы бар. Оның ішінде қазіргі кезде 28 мың отбасы тұрғын үй кезегінде тұр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз 7 жылдың ішінде жыл сайын 6 мың жалдамалы пәтердің құрылысын жүргіземіз.

Сондай-ақ, 1 шілдеден бастап мүгедек бала асырап отырған ата-аналардың жәрдемақысы 10 мың теңгеге өседі. Бұрын ол 31000 теңге еді. Енді 41000 теңгені құрамақ. Үкіметте әлеуметтік аз қамтылғандарға ай сайын тағайындалатын жиырма бір теңгенің берілу механизмі де түсіндірілді. Жәрдемақының нақты сомасы - 20789 теңге. Оны алу үшін отбасының ай сайынғы табысы оның әр мүшесіне шаққанда сол 20789 теңгеден асып кетпеу керек. Мысалы, төрт баласы бар үйдің отағасы мен анасы 60 мың теңгеден жалақы алады десек, қосқанда 120 мың. Соманы 6-ға, яғни, отбасының бар мүшесіне бөлеміз. 20 мың теңгеден шығады. Демек, айлық табысы 120 мың теңге болатын 4 баласы бар шаңырақ ай сайын әр бала үшін 20789 теңге, жалпы 83 мың теңгедей жәрдемақы алып отырады. 

Бердібек САПАРБАЕВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ: 

Табысты есептеген кезде «Алтын алқа», «Күміс алқаға» алатын жәрдемақы, көпбалаға алатын жәрдемақы, мүгедектерге алатын жәрдемақы, стипендия есептелінетін. Ол қазір енді есептелмейтін болады. Сосын қазіргі көп ата-аналардың қойып жүрген сұрақтары - «Біз таңертеңнен кешке дейін мемлекеттік органдарда жүреміз, уақытымыз кетеді. Көп қағаз толтырамыз». Енді олай болмайды. Информациалық жүйе бар, электронды халық деген. Барлық мәліметті соған енгіземіз.

А. Сейфулла