Апта басында жасақталған үкімет туралы Данияр Қайыртай әңгімелеп береді.
Сөйтіп еліміздің 11-ші премьер-министрі тағайындалып, 11-кабинет жасақталды. Кейбірі орнын сақтап қалды, кейбірі орынбасарлықтан бір саты көтерілді, енді біреулері бірнеше ведомствоның басын біріктіріп басқаратын болды. Жаңалары да бар.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Азаматтардың нақты табысы экономиканың өсуіне қарамай біраз төмендеді. Қабылданған бағдарламалар бар, оған берілген қаражаттар бар, соған қарамастан сол қаражаттар халыққа нақты жете алған жоқ. Дегенмен сол жұмыс істеген үкіметке қиын-қыстау заманда жұмыс істегені үшін рахметімізді айтайық.
Қаржы министрі Әлихан Смайылов Асқар Маминнің бірінші орынбасары болып та қызмет атқармақ. Қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент оны бекерден-бекер жоғары қарай отырғызбаған секілді.
30.01.2019 ж.
Вице-премьерлік қызмет Жеңіс Қасымбек пен Гүлшара Әбдіхалықоваға да бұйырды. Әбдіхалықова ақсап тұрған әлеуметтік блокқа жауап береді. Бейбіт Атамқұлов, Нұрлан Ермекбаев, Ерлан Тұрғымбаев, Қанат Бозымбаев, Елжан Біртанов, Арыстанбек Мұхамедиұлы мен Марат Бекетаевтар өз позицияларын сақтап қалды. Ал Асқар Жұмағалиев пен Дәурен Абаев функциялары кеңейтілген ведомстволарды басқарады. Бірінікі енді Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі деп аталады. Ал екіншісі – Ақпарат пен қоғамдық дамуға жауап бермек.
Дәурен АБАЕВ, ҚР АҚПАРАТ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:
Министрліктің қайта құрылуы қалыпты жағдай. Елбасы берген жаңа тапсырмаларды орындау үшін солай жасау керек болды. Цифрландырудың, ақпараттық саланың, қоғамдық дамудың деңгейін көтеру үшін бұл өте дұрыс шешім деп есептеймін.
Руслан Дәленов пен Роман Скляр өздері істеген мекемедегі орынбасарлықтан министр лауазымына көтерілді. Содан болуы керек, нақты немен айналысып, неге басымдық беретіндерін бірінші күннен-ақ біліп отыр.
Руслан ДӘЛЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:
Көлеңкелі экономиканы төмендету үшін Салық кодексіне бірқатар өзгерістер енгізіледі. Өңірлерді дамыту бойынша да өзгерістер болады. Өңірлерде стандарттар кіргізілмек, ол стандарттар бойынша инфрақұрылым жасалады, т.б.
Министрлер кабинетіндегі жаңа адамдар - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидиноважәне Парламент Мәжілісінің депутаты болған жерінен Ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалған Сапархан Омаров. Бірақ салыстырмалы түрде ғана. Әйтпесе, бұлар да бұрын аталған министрліктерде жұмыс істеген. Сапарбаев бұл лауазымға араға он жыл салып қайта оралды. Ал Шәмшидинова мен Омаров ілгеріде вице-министр қызметін атқарған.
Күләш ШӘМШИДИНОВА, ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІ:
Ең бірінші жұмысымызды бастайық. Содан кейін істің барысында мен сіздердің сұрақтарыңызға жауап беруге дайынмын.
Осылайша жаңа құрамдағы ең жас министр 39-дағы Дәурен Абаев болып отыр. Ал мосқал тартқаны - 66 жастағы Бердібек Сапарбаев. Ақтөбе халқымен қоштасып тұрғанында онысын өзі де мойындаған. Естеріңізге салайық, Сапарбаевтың мемлекеттік қызмет істеу өкілеттігі зейнет жасына толғанында 2020 жылға дейін созылған еді.
- Менің жасымда министр болу деген оңай емес. Бірақ Мемлекет Басшысы тапсырғаннан кейін, мен ол кісінің солдаты болғаннан кейін, мен орындауға тырысамын.
Бердібек Сапарбаевтың орнына Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары қызметінде болған Оңдасын Оразалин барды. Ал Үкіметтің бұрынғы құрамындағы Вице-премьер, әрі Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев Түркістан облысын басқарады. Осылайша екі өңірдің әкімі де өз туған жерлеріне оралып отыр. Жансейіт Түймебаев облыста әкім болып тұрған жерінен Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Ал Мемлекеттік хатшы енді бұрынғы премьер Бақытжан Сағынтаев. Постарынан айрылған басқа да шенеуніктерге орын табыла кетті. Бірақ мұнымен рокировка аяқталған жоқ. Себебі әзірге, Президент әкімшілігінде және Мәжілісте бір-бір орыннан бос. Оның үстіне Ерлан Сағадиев пен Мәдина Әбілқасымова әлі күнге жұмыссыз қалып отыр.
Данияр ҚАЙЫРТАЙ, ТІЛШІ:
Бақытжан Сағынтаев премьерлік қызметке енді кіріскенінде үкімет мүшелеріне былай деген болатын, 2016 жылғы қыркүйектің 13-інде шыққан ақпаратты оқимын: «Барлық күшті жұмылдырып, тапсырмаларды сапалы орындауға тиіспіз. Ырғалып-жырғалуға уақыт жоқ, сұрау қатты болады». Сұрау сол, ақыры ол басқарған үкімет «қорқақ» атанды. Енді Асқар Мамин үкіметтің тізгінін өз қолына алғанда, «Жаңа құрам айқын нәтижелерге бағдар алған нақты істер Үкіметіне айналуға тиіс»,-деді. Әдетте жаңа қызметке кіріскендерді алғашқы 100 күн бойы сынамайтын еді ғой...
Данияр Қайыртай «Біздің уақыт»