Русский Сайттың толық нұсқасы

Өзбекстаннан импортталатын киім-кешек артқан. Негізі бізде де ісмер келіншек көп...

  • AstanaTV
  • 02 наурыз 2019
  • 6734

Былтыр еліміз 34,5 мың тонна киім импорттаған. Саудалаушылар оны 512,3 млн долларға сатып алған. Ал, назар аударғанымыз - Өзбекстаннан 10,1 мың тонна киім әкелінген. 18,4 млн долларға. «Отандық тауар өндірушіні қолдау», оның ішінде қазақстандық кәстөм-шалбар мен топли кию туралы қайта-қайта айтылғанымен жағдай өзгерер емес.Жеңіл өнеркәсіптің «ауыр тағдыры» туралы талай материал жасадық. Жеңіл өнеркәсіптің маңызы қорғасындай ауыр екенін – стратегиялық тауарлар нарығы екенін. Бұл жолы мақта өндіретін аймақтан Айзада Төребекқызының материалы.  

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мәселен, мына көйлекті жақында ғана сатып алдым, Турцияныкі, фирменный деп...қыздарымдікі міне, мектеп формасы, брелогында қытайдыкі және де мынау «Cotton» дейді, шетелдік фирманың курткілері.

Шымкенттік Айжан Ермекқызы киім алғанда бағаға емес, сапаға қарайтынындардың қатарынан. Айтуынша, брендке де көп әуестігі жоқ. Матасы жақсы, тігісі жатық болғаны маңызды.  

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:  

Жалпы Қытайдан, Бішкектен келген тауарлар, киімдер арзан болады. Киіп тастауға үйге халат тәрізді, міне, жақында алдым Бішкектікі деп, 5 000 теңге. Жалпы Турциянікі де аса бір қымбат, дегенмен кейде бұлардың да тауарлары сапасыз келеді. Мысалыға, мына көйлекті екі-ақ рет кидім, түтіліп кетті, ал кейде сапалы келеді. Мынау да турецкий, осыдан үш жыл бұрын 16 мыңға алғанмын. Бірақ өлтіріп кидім, өңін бермейді екен, түсі де бояуы шықпайды...

Төрт баланың анасы саралай келе соңғы жылдары түріктің өнімдеріне тоқталыпты. Киіп жүрген киімдерінің ішінде тек балаларының мектеп формасы ғана отандық өнім екеніне қынжылады. Айтуынша үйіндегі біраз бұйым, жиһаз-жабдық шетелде шығарылған. Төсек жаймалары, сүлгі, майлық болса да сырттан келген. Тіпті қыл аяғы іш киімдерге дейін...  

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:  

"Қап, әттеген-ай" дейтіні біз Түркияға олардың қымбат киімін сатып алып, бүткіл Қазақстанның ақшасын сол жақа жіберіп жатырмыз. Жалпы біздің де сол жақта - Түркияның әйелдері тіккен киімді біздің қазақтың қыздары да, келіншектері тамаша қылып тіге алады, егер жағдай жасалса. Ал үйге киетін киім, нәски, трусилеріне дейін балалардың болсын, ересектердің, бәрі Қытайдан келген.  

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:  

Отандық нарықты импорт жаулап алғаны ешкімге жаңалық емес. Қымбат, сапалы, бренд деп бөліп жатпайтын болсақ қырғыз бен қытай тауарларынының, оның ішінде әсіресе киім-кешектің қатарынан соңғы уақытта өзбекстандық өнімдер де ойып орын алып үлгерген. Тіпті сарапшылар өзбектер тіккен дүние аспан асты елінде шығатын киімдермен салыстырғанда сатылым жағынан басып озғанын айтады.  

Қазақстандықтардың көршілес өзбек ағайындар тіккен киімге сұранысы расында артып барады. Көбіне әйелдердің үйде киетін халаттары, балалар киімдері, іш киімдер өтімді. Әсіресе нәрестелерге арналған киімдерге сұраныс жоғары.  

Шахло МАМЕДДИНОВА, САТУШЫ:  

Сұраныс күшті, өте жақсы. Бір келген клиент тұрақты келетін болады бізде. Шағым түскені жоқ. Денеге жұмсақ. 100 процент мақта болғандықтан, сол үшін клиенттер келіп алады. 

Виктория КЛЕЙМЕНОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Өзбекстандық киімдер Қытай мен еуропалық тауармен салыстырғанда өзіме қатты ұнайды. Бағасы мен сапасы әлдеқайда жақсы, матасы да өңін бермейді.  

Вера КУЗЕКИНА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:  

Басқа елдердің киімдерімен салыстырғанда бағасы қолжетімді. Қырғыз тауарларын ұната бермеймін, Қытайдың киімі де мұның қасында біршама қымбат.  

Мемлекеттік кірістер комитеті дерегіне сүйенген кәсіпкерлер палатасы сарапшысының мәліметінше Өзбекстаннан былтыр елімізге 10 мың тоннадан астам киім кіріпті. Жалпы құны 18 млн 400 мың доллардың тауары. 2017 жылы көрші мемлекеттен 9,5 мың тонна тауар кірген. Әкелінген киім-кешектің жалпы сомасы - 19,6 млн доллар. Өзбекстаннан келген киімнің дені іш киімдер екен. Статистикаға сүйенсек, елімізге импортталатын киім-кешектің 5,5 пайызын Өзбекстан тауары құрап тұр. 

Бауыржан БЕРДАЛИЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:  

Бағаға әсер ететін бірден бір себептерінің бірі бұл жерде Өзбекстандағы тарифтердің арзан болуы. Сонымен қатар адам жұмысы құнының төмен болуы. Қазіргі таңда бұлар біздің қазақстандық тауармен қарағанда пайызы кемінде 30-40 пайызға арзанырақ болып жүреді.  

Елімізде киім тікпейді емес, тігеді. Жеңіл өнеркәсіп дамып кетпесе де бірді-екілі фабрикалар бар. Соның бірі Шымкенттегі 250 адамды жұмыспен қамтып отырған серіктестік. Тігін фабрикасы басшысының айтуынша мекеме тендерге тәуелді. Сол себепті қыста жұмысшыларының бестен бір бөлігін ақысыз еңбек демалысына жіберуге мәжбүр екенін айтты. Фабрика көбіне жұмыс киімдерін тігеді. Тұрақты сұраныс әскери киімдерге екен. Сонымен қоса мектеп формасы да бар. Бірақ бағасы жоғары. Неге? 

Әнипа ХАЛБАЕВА, ТІГІН ФАБРИКАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:  

Базарда не сатылса, біз оның бәрін тіге аламыз. Бірақ та біз енді фабрика болған соң біз үкіметке налог төлейміз, өткен жылы біз 120 млн налог төледік. Сол налог үстіне қосылады ғой киімге. Сәл қымбатырақ, базардан сәл қымбатырақ болады. Болмаса біздікі сапасы да, бәрі де жақсы. Маталары бәрі шетелден келеді. Бізде Қазақстанда ол маталар шықпайды. Егерде шығатын болса, біз, қандай жақсы, рахаттанып жұмыс істер едік қой.

Шымкентте мақтадан жіп үйіріп, дайын өнім шығаратын кәсіпорын бар. Жылына 60 мың тонна мақта өңдеп, 12 млн шаршы метр мата тоқи алады. Бірақ парадокс - сұраныстың жоғынан шикізатының 90 пайызын шетел асырып отыр. Жалпы, өзімізді өзіміз 90 пайыз қамтамасыз ету туралы әңгіме жоқ. Қарапайым айтқанда "тұқымдыққа" дейтін 10-15 проценттің өзі арман. Қандай арман екенін ішіміз сезеді.        

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:  

Өзіміздің фабрикалар болатын еді ғой, нәски шығаратын, тоқымадан, өзіміздің қойлардың жүнінен тоқылған жақсы нәскилер, жемпірлер. Неге өзіміздің өнімді кимеске? Мақтана киер едім мен, өзіміздің Шымкентте, «Қазақстанда жасалған» деген зат болса, мен мақтана-мақтана киер едім. 

Айзада Төребекқызы, Серік Талас «Біздің уақыт»