Русский Сайттың толық нұсқасы

Тоқтама, Баубек! Желаяқ 110 шақырымды тоқтамай, 14 градус аязда жүгіріп өтті

  • AstanaTV
  • 02 наурыз 2019
  • 3733

Батысқазақстандық желаяқ Баубек Ілиясов 110 шақырымды тоқтамай жүгіріп өтті. 25 жастағы жігіт таң қараңғысында облыстың Қазталов ауданындағы Сарықұдық елді мекенінен аттанған. Содан еш жерге аялдамай, 14 градус аязға қарамастан 110 шақырым жердегі аудан орталығына 12,5 сағатта жеткен. Желаяқ негізі 100 шақырымға дайындалғанын айтады. Бірақ әкесі мен бауырлары дем беріп, жігерін жанығасын, 10 шақырымды артық жүгіріпті. Өзінің рекордын жаңартқан желаяқ соңғы шақырымдардың ауыр тигенін жасырмайды. 

Баубек ІЛИЯСОВ, ЖЕЛАЯҚ: 

Біршама рет тоқтағым келді: «құрысыншы, құрысыншы»,- деп. Алдымнан 16 километр қалғанда екі машинамен адамдар күтіп алды: «Давай, давай!» - деп бәрі поддержка берді. Папам менімен бірге бір-екі километр жүгіріп: «Давай, балам, сенің қолыңнан келеді», -деді. Сондай нәрселер адам баласы шаршаған кезде, қиналған кезде бәрін ұмыттырады екен. Адам баласының күші бәріне жетеді екен. Тек проблеманың бәрі адам баласының басында деп ойлаймын.

Осыған дейін Орал қаласындағы 21 шақырымдық жартылай марафонда бірінші орын алған Баубек енді Алматы марафонына қатысқысы келеді. Бұл үшін 42 күн бойы күніне 42 шақырымнан жүгіруге бекініп отыр. Бұл - шамамен Орал мен Астананың арасындағы қашықтық. Жігітке жеті өнер де аз деген. Жүгіруден бөлек, мұзы ойылған өзенге аптасына үш рет шомылады. Одан босағанда спортзалда доп қуады, би мен сурет өнеріне де әуестігі бар екен. Болашақ заңгер әйгілі желаяқ Марат Жыланбаевтың мектебінде тәлім алып, шеберлігін шыңдағысы келеді. 

Баубек ІЛИЯСОВ, ЖЕЛАЯҚ: 

Кейбір жерлерге қан бармайтын, жүрегі ауыратын адамдар болады ғой. Сол адамдарға суға түсуге мен өзім кеңес беремін. Қан айналымын жақсартады, суға түсу. Бірде жеңіл киініп шығып кетіп, кешке дейін жүріп қалып едім. Сол кезде грипп ұстадым. Сосын демалыс күні суға түсіп, дүйсенбіде дым болмағандай жаттығуды қайта бастап кеттім. Салқын дегенің гриптің бәрін жояды.