Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарда апатты үйлер 5 жылға дейін сүрілмейді

  • AstanaTV
  • 07 наурыз 2019
  • 3932

Павлодарда 2 қабатты апатты үйлер 5 жылға дейін сүрілмейді. Бұл туралы аймақ әкімі халық алдындағы есептік кездесуінде айтты. Ал бұған тұрғындар наразы. Себебі, қаланың қақ ортасында отырып, не жылуға, не ішер суға жарымай отырмыз - дейді. Өткен ғасырдың 50 жылдары салынған ағаш үйлерде 80-ге тарта отбасы бар. Әбден шіріп тозған барак типтес баспаналарға не коммуналдық желілер де тартылмаған. Бұқараның мұңын тілшіміз тыңдап келді.  

Айнаш Арқаеваның күндегі әдеті осы. Таңмен таласа тұрып, от жағып, күл шығарады. Өйткені, ағаштан салынған ескі баспанасы басына пана болмай тұр. От жақса да, тез суып қалатынын айтады. Үйдің ішінде киіммен жүруге мәжбүр. Суықтан еден-қабырғалар көгеріп, түс қағаздар да түсе бастаған.

Айнаш АРҚАЕВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Суды даладан тасимыз. Колонкодан. Қысты күні аяздарда қатып қалады. Су жоқ мына жерде. Көмірді сатып аламыз. Ағашты сатып аламыз. Өзі түнде ұйықтасақ, таңертең аман есен тұрсақ деп ойлаймыз өзі. Пожардан қорқамыз. Бәрінде газ баллон мына үйлерде.

Бұл тауқымет тек Айнаштың ғана мұңы емес. Осы маңда тұратын 80-ге тарта отбасына ортақ жағдай. Суды даладан тасып ішеді. Ал шайынды суды төгу үшін де сыртқа шығуға мәжбүр. Өйткені, ешқандай коммуналдық желі тартылмаған. Сондықтан әжетханаға да далаға барады.

Ботагөз ШӘКЕНОВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Үйлердің состояниесі өте нашар. Акиматқа бардық бізге берген жауабы 5 жылсыз бұзылмайды дейді. Ал 5 жылға біздің үйлер шыдамайды. Біз 5 жыл мына үйде тұратын болсақ, мен вообще білмеймін. Балаларымыз до конца ауру болады.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Қаланың қақ ортасындағы бұл ағаш үйлер өткен ғасырдың 50 жылдары бой көтерген. Басында зауыт қызметкерлеріне уақытша тұру үшін салынған баспаналар кейін тұрғылықты мекенге айналыпты. Содан бері әлі күнге дейін ешқандай жөндеу көрмеген. Себебі, әбден ескірген барак үйлер апатты деп танылған. Тұрғындар мұңын айтып облыс әкіміне де барыпты.   

Болат БАҚАУОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Бұл үйлерді шамамен 5 жылсыз бұзбаймыз. Себебі, бізде 2 жыл «Сарыарқа» шағын ауданы салынады. Одан кейін Достық мөлтек ауданына көшетін боламыз.

Ал қалалық сәулет және қала құрылыс бөлімі үйлерді бұзу туралы жоспар жасаған. Әзірге жоба жоғарғы жақта қарастырылып жатқан көрінеді. Болашақта бұл аумақта көп қабатты немесе жеке тұрғын үйлер салынуы мүмкін - дейді атқамінерлер.

Әділбек БАЯХМЕТОВ, ПАВЛОДАР ҚАЛАЛЫҚ СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Біз бұл шағын ауданда бюджет есебінен құрылыс жүргізуге немесе жеке кәсіпкердің инвестициялық қаржысына үй салуды ойластырып жатырмыз.

Павлодарда апатты деп танылған 10-ға тарта тұрғын үй бар. Олардың барлығы қаланың бас жоспарына сәйкес сүріліп, орнына жаңа үйлер салынбақ. Бірақ нақты қашан қолға алынатыны белгісіз.

Ө. Қуанар