Русский Сайттың толық нұсқасы

Көмекке аса мұқтаж жандарға көмек 1-сәуірден беріледі

  • AstanaTV
  • 09 наурыз 2019
  • 4851

Көмекке аса мұқтаж және көп балалы отбасылар әлеуметтік көмек 1-сәуірден беріле бастайды. Президент әлеуметтік саясатты іске асыруға арналған жиын өткізіп, тапсырма берді. Нұрсұлтан Назарбаев: «Әкімдер халықтың өзекті мәселелерін бақылауында ұстап, жүктелген міндеттерді іске асыру үшін нақты шаралар қабылдауы керек»,- деді. Сондай-ақ, бөлінген қаражаттың шашауы шықпай жұмсалуын тапсырды. «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде Мемлекет Басшысы елдегі әлеуметтік саясаттың негізгі бағыт-бағдарын айқындаған болатын.  

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ең бірінші, әл-ауқаты өте төмен адамдарға бірінші сәуірден бастап төлей бастайық. Мен басқасының бәріне жылдың ортасынан бастап деп айттым ғой өзімнің сөзімде. Оның бәрін солай жасаймыз. Бірақ әл-ауқаты төмен, көп балалыларға мүмкіншілігінше қаражатты алып, бірінші сәуірден бастап төлей бастайық. Күтіп отырған, үміт етіп отырған адамдар көп. Барлығына түсіндіру керек. Кейбір адамдар ойлайды, Үкіметтен сұрасақ, бәрін бере береді деп. Қайдан келеді ақша? Ақша түседі: мына қазіргі салық төлеп отырған Қазақстанның азаматтарының ақшасын бөліп жатырмыз.

Атаулы әлеуметтік жәрдемақыны тағайындау үшін тиісті заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізілмек. Осы айдың соңына дейін Парламент мақұлдауы тиіс.

Асқар МАМИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, білім беру және денсаулық сақтау нысандарының құрылысын бастаймыз. Инженерлік коммуналдық инфрақұрылымды дамыту, жергілікті жол желілерін, электр энергетикасымен, газбен жабдықтау, шағын және моноқалалардың инфрақұрылымын дамыту мәселелерінің бәрі ұйымдастырылатын болады. 

Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Ең төменгі жалақы алатын бюджеттік мекемелердің қызметкерлерімен байланысты өңірлермен бір айдың ішінде нақты есеп әрбір адам бойынша жүргізіп бітеміз.

Мемлекеттік органдар мен өңір басшыларының жұмысы халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасына қарай бағалануы керек. Бұл негізі атқарушы биліктің басты міндеті. Жұмыссыздықты азайту, еңбектің әділ бағалануы, екінші жағынан адамдардың жеке кәсіппен айналысуына мүмкіндік беру, мүмкіндік жасау – қағидалар қарапайым. Қарапайым халық қарапайым қағидалардың орындалуын ғана сұрап отыр.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл енді біздің шашылып жатқан ақшаның барлығынан емес, артықшылығынан емес. Дегенменен, басқа жаққа экономиканы өсіп-өндіруге жұмсамай, халыққа берейік деп отырмыз. Сол керек болып отыр. Сондықтан бұның барлығын түсініп, мемлекеттің қандай шарасы екенін біліп, барлық халық түсінуі керек. Ең алдымен ел жұмыс істеуі керек. Біздің мемлекеттің алдында тұрған міндет - жұмыс беру. Шағын және орта бизнесті қолдап, әр адамға жұмыс беру.