Русский Сайттың толық нұсқасы

Гүлнара Каримова түрмеге қамалды... Жемқорлықпен күрес алаңына мектеп оқушысы шықты!

  • AstanaTV
  • 09 наурыз 2019
  • 4974

Өзбекстанды 27 жыл басқарып, 2016 жылы қыркүйекте қайтыс болған Ислам Каримовтің қызы Гүлнара түрмеге қамалды. Көрші мемлекеттің Бас прокуратурасының хабарламасына сүйенсек, Яшнабад аудандық қылмыстық істер жөніндегі сот «жаза өтеу шарты мен тәртібін қасақана бұзған» Каримованың еркіндігін шектеу жазасын өзгертіп, оны жалпы режимдегі түзеу колониясына қамауға үкім еткен. Прокуратураның түсіндіруінше, Гүлнара Каримова өзіне пайдалануға тыйым салынған «байланыс құралдарын, интернетті пайдаланған» және «өзі келтірген зиянды өтеуге белсенді түрде бөгет жасаған».  

2015 жылы Өзбекстан соты Гүлнара Каримованы «бопсалау, ақша жымқыру және салық төлеуден жалтару» қылмыстары бойынша айыпты деп танып, бес жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаған болатын. Ал Швеция, Швейцария мен АҚШ Каримоваға байланысты іс қозғап, миллиард долларға жуық қаржы жымқырған деген айып таққан. Ол Өзбекстанда жұмыс істеген телекоммуникациялық компаниялардың кемінде алтауынан пара алған деген күдікке ілінген.

Ал Қызылордада коррупцияны жек көретін мектеп оқушысы штаттан тыс болса да, мемлекеттік қызметкердің жанында жемқорлықпен күреспек. Дамир айтады – Үлгерімі нашар балалар ҰБТ-ға барған кезде өте жоғары балл алып кетеді. Яғни ата-анасы сатып алып береді. Шарипа Сақтапова жалғастырады.

Жемқорлықтан түпкілікті құтылуымыз керек, біз коррупцияны жек көреміз. Бұл қызылордалық «Адал ұрпақ» клубы мүшелерінің пікірі. 16 мың мүшесі бар ұйымға тек белсенді, жан-жақты, оқуда озат, спортта үздіктер қабылданады. Солардың бірі - 176 мектептің көшбасшысы, 14 жастағы Дамир Бозаев сыбайлас жемқорлықпен күрес департаменті басшысының штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды. Қазақстандағы ең жас шенеунік аймақтағы барлық мектептерді аралап, оқушылар мен мұғалімдердің пікір, шағымдарын жинақтамақшы.

Дамир БОЗАЕВ, ҚР МҚІСЖҚК АГЕНТТІГІ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ШТАТТАН ТЫС КЕҢЕСШІСІ: 

Мынау - менің қалам, менің болашағым, біздің болашағымыз. Қаламызды қарасақ, тап-таза. Қаламыздың ары да, намысы да тап-таза болғанын қалаймын. Пара болмаса қазір ешқандай жұмысқа алмайды. Ол қаншама жерден оқысын, қаншама дипломның иегері болсын, оның ақшасы болмаса, танысы болмаса жұмысқа алмайды. Ешқандай білім болмаса, тек ақшамен жүрген болса, біздің қаламыздың, біздің еліміздің абыройын жерге түсіреді. Біз жемқорлыққа мүлдем төзбейміз, көнбейміз.

Нұрдаулет МҰРАТБЕК, «АДАЛ ҰРПАҚ» ЕРІКТІЛЕР КЛУБЫНЫҢ МҮШЕСІ: 

Қазір, өкінішке орай, адам емес, ақша сөйлейтін заман болып кетті. Оның себебі - қазіргі адамдардың санасы ақшаға ауысып кетті. Осындай клубтарды көбейтуіміз керек. Жастардың сана-сезімің жемқорлыққа қарсы тұруға бейімдеуіміз керек. Қарапайым мысал: пол жуушының өзі, көше сыпырушының өзі жұмысқа тұратын болса, кемінде 200 мың, 100 мың көлемінде пара береді.

Отбасында, туған-туыс, көрші, өз ортасында осындай мысалдарды көріп, естіп келе жатқан жасөспірімдер еңбектеген сәбиден бастап енкейген қарияға дейін жемқорлықтың түбі неге алып барып соғатынын ұғынса, қоғам бұл дерттен жазылып, тазара бастар еді деген ойды тарқатты.    

Алмасбек ӘБДІЖӘМИ, «АДАЛ ҰРПАҚ» ЕРІКТІЛЕР КЛУБЫНЫҢ МҮШЕСІ: 

Ата-аналар балабақшаға өзінің баласын апару үшін пара бермесе оған ертерек тұра алмайды. Яғни, сен пара бермесең өз кезегіңді күтуің керек. Ал кезекті күтем дегенше баланың жасы балабақшаға баратын жастан асып кетеді. Ондай мысалдар елімізде өте көп. Сыбайлас жемқорлықпен айналысқан адамдарға жазаны күшейту керек.

Яна ЛАВРУХИНА, «АДАЛ ҰРПАҚ» ЕРІКТІЛЕР КЛУБЫНЫҢ МҮШЕСІ: 

Біз, балалар, пара алған, мемлекет қаражатын талан-таражға салған шенеуніктер абақтыға емес, қайта лауазымдары өсіп немесе басқа қызметке ауысып жатқанын естіп, біліп келеміз. Ал нағыз талант иелері орындарын таппайды. Өйткені тіреп тұрған туысы немесе ақшасы жоқ. Коррупция дегеніміз жалпы қоғамымыздың қолайсыздығының белгісі. Біз Отанымызға пара алмауға және бермеуге ант етеміз!

Ойдан емес, өмірден алынған мысалдар. Санаға сіңген ұғым. Дәл солай айтуға құқықтары бар. Және оған негіз де жоқ емес. 

Мысалы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Қызылорда облыстық департаменті былтыр сыбайлас-жемқорлық сипатындағы 122 қылмыстық іс тіркеліп, 74 тұлға қылмыстық жауапкершілікке, 129 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын хабарлады.   

Берікбол БАЙХОЖАЕВ ҚР МҚІСЖҚК АГЕНТТІГІ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:   

Былтыр облыста сыбайлас-жемқорлық фактісін хабарлаған 17 азаматқа 2 миллион 245 мың теңге ынталандыру шарасы жүргізілді.

Иә, ашкөз және тойымсыз жемқорлар туралы хабарлауға болады. Іс сотта дәлелденса, сыйақы төленеді. Жемқорлыққа қарсы агенттіктің мамандары 1424 номеріне хабарласу - азаматтық парыз дейді.    

Бауыржан БАЛҒАБЕКОВ, ҚР МҚІСЖҚК АГЕНТТІГІ ҰЛТТЫҚ БЮРОСЫ ТЕРГЕУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

Сыйақы соттың күдіктіні айыптаған үкімі немесе қаулысы шықса беріледі. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы дерек үшін 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төленеді. Құқық бұзушылықтың орташа және орташа ауыр түрлері үшін 40-50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде. Ауыр және өте ауыр дәрежедегі қылмыс фактілері үшін 70-100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде сыйақы беріледі. Жалпы, 2014-208 жылдар ішінде 600 астам азаматқа 70 миллион теңгеден астам қаражат төленді.  

Ал берілген ақпар жалған немесе жала жабу болса, жауапкершілікке хабар беруші адамның өзі тартылады. Осы күнге дейін жемқорлыққа қарсы қызмет жиырмадан астам жалған айыптау фактісін тергепті. Біреуге ор қазған бір азаматтың өзі 4 жылға бас бостандығынан айырылған. Ал анонимді түрде түскен ақпарат мүлдем тексерілмейді. Соңымен қатар әлеуметтік желілерде жария болған жемқорлық сипаттағы құқық бұзушылық фактілері де дереу тексеріледі.  

Данияр САБЫРБАЕВ, ҚР МҚІСЖҚК АГЕНТТІГІ ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ САЯСАТ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Біз халықты белсенді болуға шақырамыз. Кез-келген дабыл, сұрақтардың барлығы дереу назарға алынады. Және де ол деректер шұғыл тексеру өткізуге негіз болмақ. Ал адам күдікті күшейтетін жағдайдың куәгері болып, бірақ оны дәлелдей алмайтын болса, заңсыздық туралы фейсбукке, әлеуметтік желілерге жазғаны жөн. Оның барлығы талданады, мониторинг жасалады. Ондай әрекетттерді біз құптаймыз, өйткені өзіміз сондай ақпарат іздейміз. Сол жағынан әлеуметтік желілерде мықты потенциал бар.   

Ал Дамирдың лауазымы мемлекеттік қызмет реестірінде жоқ. Оған айлық та төленбейді. Жас шенеунік өзіне артылған жүктің салмағын түседі. Себебі бұл оның өзі жасаған саналы әрекеті. Ал бозбаланы кеңесші қылып сайлау - хайп емес, ойланып жасалған қадам, дейді сыбайлас жемқорлықпен күрес департаментіндегілер.      

Абзал МҰХИМОВ, ҚР МҚІСЖҚК АГЕНТТІГІ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:   

Жалпы бұл бастама оқушылармен кездесу барысында келді. Дамир Бозаевты өзіме кеңесші ретінде тағайындау туралы шешім қабылдадым. Оқушылар арасында мынау отансүйгіштікке қатысты және оқушылардың өзінің тілімен сөйлесе алатын, соның психологиясында, соның ортасындағы өздерінің бір деңгейіндегі қажетті мәселелерге орай маған кеңес беріп отыра алады. Бұл ешқандай хайп емес, ешқандай атақ жинау емес.

Дамирдың ойлғаны да атақ шығару емес. Дамир Отанының аты жемқорлықпен байланысты болмаса, дейді.  

Дамир Бозаев, ҚР МҚІСЖҚКАГЕНТТІГІ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ШТАТТАН ТЫС КЕҢЕСШІСІ: 

Нашар оқитын балалар ҰБТ-ға барған кезде олар өте жоғары балл алып кетеді. Бұл жерде, яғни, сыбайлас жемқорлық. Ата-анасы сатып алып берді, болмаса туысқындары арқылы осындай көптеген балл алып кетеді... Жоспар бойынша біз облыс бойынша бүкіл мектептерді аралап, шағымдарды жинап, алдағы уақытта жоспар құрып, сол жоспармен жұмыс жасайтын боламыз.

Шарипа Сақтапова, Қайрат Рабаев «Біздің уақыт»