Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының соңғы мәліметі бойынша әлемде әрбір 10-адамның 2050 жылға қарай есту қабілеті төмендеуі мүмкін. 12 мен 35 жас аралығындағы адамдардардың жартысы «тәуекел аймағында». Басты себебі - құлаққап киіп музыка тыңдап жүретіндер көп. «Сұрап алған аурудың емі жоқ» екені туралы Ақерке Бектас.
Ақерке БЕКТАС, ТІЛШІ:
Біз тек құлаққа ғана зиян деп жүрген бұл құрылғының абайсызда ажал құштырарын байқап отырсыз. Бір күнде есту қабілетіңізден айырмаса да, бір сәтте өміріңізді жалмап кетуі мүмкін. Дәрігерлер құлаққап дыбысты табиғи жолмен емес, тікелей береді дейді. Бұл кезде ағзада дыбыстық шабуылға қарсы механизм іске қосылады. Ал оның жиі қайталанауы адамды есту қабілетінен айырады.
Сарби ЖҰМАДІЛОВА, №6 ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНАНЫҢ ОТОРИНОЛАРИНГОЛОГ-ДӘРІГЕРІ:
Ішкі құлақ зақымданса, есту қабілетін қайта қалпына келтіру көп жағдайда мүмкін емес. Әрине, аурудың асқынып кетпеуі үшін науқасты емдейміз. Бірақ бұл ем-дом адамның мүлдем тас керең болып қалмауы үшін ғана. Мұндай жағдайда есту қабілетін қайта қалпына келтіру қиын.
Стерео-құлаққапты өткен ғасырдың 50-ші жылдары Джон Косс ойлап тапқан. Құрылғы әуелде Милуоки штатында кереуеттен тұра алмайтын науқастарға көмек көрсету үшін қажет болған. Дыбыс анық естілмеген соң, Косс мамандардың көмегімен оны жетілдіруге кіріседі. Кейіннен құлаққаптың сан түрі шығып, нарықты жаулап алады. Бірақ кезінде Косстың ашқан жаңалығы бүгінде қауіпке айналғандай.
Сарби ЖҰМАДІЛОВА, №6 ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНАНЫҢ ОТОРИНОЛАРИНГОЛОГ-ДӘРІГЕРІ:
Құлағы бір сәтте естімей қалып, дәрігерге келетін жастардың саны артып отыр, олар өте көп. Анықтай келе олардың құлаққапты шешпей қолданғанын байқаймыз. Музыканың да дауысын жоғары қойып тыңдайды. Соның әсерінен құлақтың ішкі қабатына зақым келіп, науқас есту қабілетінен айырылады. Құлаққаптың зияны бірден байқалмағанмен, біраз уақыттан кейін оның зардабын тартқан жастар өте көп.
Кейіпкеріміз Алтыншаш Әбутәліп – құлаққаптың зардабын тартқан бойжеткен. 6 жылға жуық уақыт құрылғыны құлағына бекітіп, жиі әуен тыңдағанын айтады. Бұдан келетін кеселге есту қабілеті нашарлап, ақпаратты дұрыс қабылдай алмағанда көзі жеткен.
Алтыншаш ӘБУТӘЛІП, СТУДЕНТ:
Күнделікті қарым-қатынаста достарымның сөзін естімей қалып, екінші рет қайтара сұрау байқалды. Теледидардың дауысы маған тым бәсең қойылып тұрғандай болды. Қаттырақ тыңдағым келетін болды. Лектордың дауысын дұрыс естімей қалып, екінші рет қайтара сұрай беру байқалды. Содан кейін дәрігерге қаралып, осы құлақ естуінің бәсеңдеуінің барлығы құлаққаптан екенін түсіндіріп айтты. Дәрігер бұлай жалғаса берсе, құлақ есту қабілетінен айырылатынын, яғни саңыраулыққа жететінін айтты.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2050 жылы әлемнің әрбір 10-шы тұрғыны кереңдіктің зардабын тартады деп дабыл қақты. Бұдан жаһандық экономикаға жыл сайын 750 млн доллар шығын келеді екен. Тіпті әлем халқының 5 пайызы қазір есту қабілетінен айырылған. Жақында бұл тізімге 12 мен 35 жас аралығындағы адамдардың тең жартысы енуі мүмкін. Әлемдік статистикаға сәйкес, бұл мәліметтер Қазақстанда 1 млн-ға жуық адамның есту қабілеті нашарлағанын көрсетеді. Сөзімізді дәрігер де растап отыр.
Арман ӘБІЛОВ, ОТОРИНОЛАРИНГОЛОГ-ДӘРІГЕР:
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі елде 14 000 адамның есту қабілеті әртүрлі деңгейде нашарлағанын айтады. Алайда, әлемдік статистика басқаша сөйлейді. Олар 7 мен 10 пайызға жуық тұрғынның есту қабілеті нашарлағанын айтады. Бұл Қазақстан үшін шамамен 1 миллионға жуық адам деген сөз. Министрлік берген ақпаратпен арадағы айырмашылықтың себебі мынада: Қазақстан медицинасына цифрлық жүйе былтыр келді. Әрі тізім қазір жаңартылып жатыр. Сондықтан есту қабілеті нашарлаған науқастардың нақты санын жыл соңында анықтайтын шығармыз.
Ақерке БЕКТАС, ТІЛШІ:
Сіздің де ортаңызда үнемі құлаққапты бекітіп, айтқаныңызды естімей, елемей қалатын адамдар бар шығар. Ал мамандар құлақты бекітіп алу ешкімді естігісі келмейін адамның әрекеті, дейді. Психологтардың тілімен айтсақ, қоғамнан алыстап, оқшаулануды білдіреді. Мұндай адамдар көбінесе ішкі күйзеліске шалдығады екен.
Технологияның отанына айналған Жапония қазір кейбір құлаққапты шығарудан бас тартқан. Мамандар оның құлақтың ішкі қабатына зиян келтіріп, жүйке жүйесін зақымдайтынын анықтаған. Мәселен құлаққаппен 3 сағаттан артық әуен тыңдағанда адамның ми тамырлары тарылып, оттегі жетіспеген соң бас ауруы пайда болады екен. Бұдан бөлек, туа бітті кереңдік дертіне шалдыққан балалардың да қатары аз емес. Бір ғана Солтүстік Қазақстанда 121 жеткіншек есту қабілеті нашар балаларға арналған мектепте оқиды. Мұнда оларға бар жағдай жасалғанмен, айтқаныңызды арнайы аппаратсыз естімейді. Кейбір адамдар секілді ауруды қолдан жасап алған жоқ. Өзінде барының бақыты мен қадірін жақсы түсінеді.
Толғанай ЕЛУБАЕВА, ОҚУШЫ:
Мен әр сабақты қатты жақсы көремін. Сондай-ақ, акробатика үйірмесі ерекше ұнайды. Оған қатысып жүргеніме 7 жыл болды. Мұнда уақытымыз тиімді, әрі қызық өтеді.
Туа бітті есту қабілетінен айырылған сәбилерге арнап елде жыл сайын 250 ота жасауға жеңілдік қарастырылады. Құлаққа жасалатын мұндай операция 5 миллион теңгеден кем тұрмайтын көрінеді.
Арман ӘБІЛОВ, ОТОРИНОЛАРИНГОЛОГ-ДӘРІГЕР:
Әлемдік статистикаға сүйенсек, дүниеге келген 1000 сәбидің 1-еуі туа бітті кереңдікке шалдыққан. Кейде бала 1 жасқа дейін есту қабілетінен айырылуы да мүмкін. Мұндай жағдайлар ота жасатуға алып келеді. Сондықтан елде квота санын 400-ге дейін ұлғайту қажет.
Дәрігер елде мұндай ауруды емдейтін мамандар да тапшы, дейді. Астана қаласында есту қабілетін емдейтін дәрігерлер 20-30 пайызға, ал аймақтарда 50 пайызға дейін жетіспейді.
Арман ӘБІЛОВ, ОТОРИНОЛАРИНГОЛОГ-ДӘРІГЕР:
Жол картасы бар. Соңғы жылдары жаңа медициналық аппараттар, жабдықтар келіп жатыр. Дәрі-дәрмектер жеткілікті. Бірақ маман тапшылығы байқалады. Сондықтан жол картасында кадр тапшылығын жою мәселесі қамтылса екен дейміз.
Сіз үшін құлаққаппен сағаттап әуен тыңдаған әсерлі болса, медициналық аппаратпен айналадағы әр дыбысты әрең еститін адамға соның өзі бір бақыт. Құлаққапты есту аппаратына айырбастағыңыз келмесе, қолда бардың қадірін ҚАЗІР біліңіз.
Ақерке Бектас «Біздің уақыт»