Көбейген жәрдемақыны рәсімдеу үшін енді ұзын-сонар кезекке тұрмайсыз. Астанада атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтарға қосымша кеңес беретін орындар ашылмақ. Көпбалалы аналар жұмыспен қамту орталығынан бөлек, қаладағы аудан әкімдіктеріне барып, өтініш білдіре алады. Еске салайық, Президент көпбалалы отбасыларға әлеуметтік көмекті 1 сәуірден бастап беруді тапсырған. Ал жаңа форматқа жұмыспен қамту орталықтары қаншалықты дайын? Тілші тарқатады.
Айгүл Наурызбаева - 5 баланың анасы. Кенжесі бірде, үлкені он жаста. Жолдасы тапқан қаражат көпбалалы отбасын асырауға жетпейді. Бүгін жаңа жәрдемақыны рәсімдеу үшін жұмыспен қамту орталығына кеңес алуға келіпті.
Айгүл НАУРЫЗБАЕВА, КӨПБАЛАЛЫ АНА:
Өзім жұмыс істеймін банкте. Бірақ қазір декреттемін. 5 бала. Қазір оқуы бар, продукты бар, білесіз барлық зат қымбат. 21 мыңнан алу үшін 5 баланың документін әкеліп отырмын. Енді соны тапсырайын деп отырмын.
Ең төменгі күнкөріс деңгейі бұрын 14 849 тг болса, 1 сәуірден бастап 20 789 теңгеге көбейді. Осы уақытқа дейін бұл жәрдемақыны 570 мың адам алып келген. Енді олардың саны 830 мыңға дейін артпақ. Ал тұрғындар өтінім беру үшін 8 түрлі құжат жинамайды. Жеке куәлігі жеткілікті.
Балжан БАЯХАТОВА, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІНІҢ САРАПШЫСЫ:
Атаулы әлеуметтік көмек алудың механизмі жеңілдеді. Енді көпбалалы отбасы біз ақпараттық жүйеден ала алмаған құжаттарды ғана әкеліп, өткізеді. Қазіргі кезеңмен салыстырсақ, жеке куәліктің өзі жетеді.
Атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері барлық көпбалалы отбасы үшін көбеймейді. Тек аз қамтылғандар санатына жататындар ғана жаңа әлеуметтік көмекті алады. Тұрғындарға түсінікті болу үшін министрлік арнайы видеоролик дайындаған.
Астанада жұмыспен қамту орталығы күніне 200 адамды қабылдайды. Ал сәуірде тұрғындар саны екі есе өседі. Сондықтан қазір азаматтарды қосымша қабылдау орындары қарастырылып жатыр. Бұдан бөлек, кеңес беру орындары Астанадағы 4 аудан әкімдігінде ашылады.
Абай БАЙМУЛЬДИН, АСТАНА ҚАЛАСЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Ол жақтардағы жұмыс уақыты орталықтағыдай болады. Яғни, таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін. Әзірге өз қызметкерлеріміз жеткілікті. Оқытып жатырмыз. Мұнда да қиындықтар жоқ емес. Қазір мамандар санын арттыруға мүмкіндік жоқ.
Биыл мамыр айынан бастап көпбалалы отбасыларға уақытша жалдамалы пәтерлер беріледі. Ал аз қамтылған, мүгедек бала асырап отырған, толық емес отбасыларға «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» жеңілдетілген ипотека қарастырады. Бұл жылына екі пайызбен 20 жыл уақытқа беріледі. Ал әкімдік бастапқы жарнаға арнайы сертификаттар табыстайды.
А. Бектас