Русский Сайттың толық нұсқасы

БЖЗҚ-ның экс-басшысы Руслан Ерденаевқа қатысты алдын ала сот тыңдалымы өтті

  • AstanaTV
  • 02 қараша 2017
  • 2990

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының бұрынғы төрағасы Руслан Ерденаев кінәсін мойындады. Бұл туралы оның қорғаушысы мәлімдеді. Ерденаев бастаған қылмыстық топ жыл басында қамауға алынған еді. Күдіктілердің қатарында төрағаның бұрынғы орынбасары Дабыр Медетбеков пен басқарма басшысы болған Мұса Бахытов бар. Сондай-ақ олардың сыбайластары, бұрынғы компания басшылары Тұртаев, Найзағарин мен Кенжебаев та сот алдында жауап беріп жатыр. Олар қордың 5 миллиард теңгесін талан-таражға салды деп айыпталуда. Алматыда осы атышулы іске қатысты алдын ала сот тыңдалымы өтті.  Алғашқы тыңдалым қорғаушылардың өтінішімен басталды. Сот залынан Олжас Нұржақып хабарлайды.

Олжас Нұржақып, тілші: 

Сот отырысы ашық болғанымен, айыпталушылар мен қорғаушылар, бүгінгі тыңдалымда БАҚ беттерінде түрінің көрсетілуіне қарсылық білдірді. Сондықтан судья Мартпек Кәкімжанов бірнеше адамның бет бейнесін видео және аудио жазба түрінде таратуға болмайды деген шешімін жариялады. Қорғаушы Александр Блок, «Сотқа дейінгі тергеу барысында Руслан Ерденаев тергеушілермен бірге жұмыс істеуге ынта білдірді, аса ауыр қылмыстардың ашылуына септігін тигізді, кінәсін мойындады және өкініш білдірді. Сондықтан үй қамаққа жіберуіңізді сұраймын», деген өтінішін айтты.

Ал Тұртаевтың қорғаушысы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы аясындағы рақымшылыққа ілініп, босатуды сұрады. Тағы бір айыпталушы Кенжебаевтың адвокаты "бұл іске еш қатысы жоқ, оның үстіне сырқаты бар" деген өтінішпен қамаудан босату қажеттігін айтты. Үшінші айыпкер Найзағариннің қорғаушысы қылмыстық әрекетіне нақты дәлел келтірілмегендіктен, уақытша қамау изоляторынан шығаруды өтінді.

Мартпек Кәкімжанов, Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотының судьясы:

Жалпы, тағылған айыптар толық дәлелін тапты. Оны өзгерту қарастырылмайды. Сондықтан Қылмыстық кодекстің 321 және 322 бабына сәйкес сот қаулы шығарды. Найзағарин, Кенжебаев, Тұртаев, Бахтов және Ерденаевтың қорғаушылары ұсынған өтініштер қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Алдын-ала тыңдалым қаулысын судья осылай аяқтағанымен, Ерденаевтың қорғаушысы басқаша пікірде.

Александр Блок, Р.Ерденаевтың қорғаушысы:

Мен үй қамаққа ауыстыруды ұсынған едім. Бірақ мұндай мүмкіндікке қол жеткізе алмадық. Прокурордың айтуынша, ол Алматыдан басқа жаққа кетіп қалуы мүмкін екен. Үй қамақта отырған адам қалай кетеді? Сот шешімінсіз ешқайда шыға алмайды ғой.

Олжас Нұржақып, тілші:

Осылай деген қорғаушы, енді басты сот отырысына дайындалмақ. Естеріңізде болса, бұл іс өткен жылдың желтоқсанында басталған болатын. Ұлттық банк бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына тексеру жүргізіп, нәтижесінде 5 млрд теңгенің жымқырылуына байланысты алты адам күдікке ілінген. Оның ішінде қор басшысы болған Руслан Ерденаев та бар.