Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыда риэлторларға қатысты сот отырысы басталды

  • AstanaTV
  • 02 қараша 2017
  • 2463

Қарағандыда 2 жыл бойы алаяқтықпен ақша тауып келген 8 риэлторға қатысты сот отырысы басталды. Олардың біреуі қамауда отыр, қалғандары кепіл арқылы босатылған. Өзара сыбайласқан олар «пәтер жалдау қызметін көрсетеміз» деп, халықтан ақша жинап алып, орнына жалған телефондар тізімін ұсынып келген. Айжан Қуаш тарқатады.

Шағымданған адамдар саны 80-нен асады. Алаяқ риэлторларға алданғандардың қатары бұдан әлдеқайда көп болуы да мүмкін. Араларында Қарағандыдан өзге, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан мен Ақмола облыстарының тұрғындары да бар. Әлеуметтік желілер арқылы әдемі жарнамаланған 3 бірдей агенттіктің құрығына түсіп қалған.

Бұл агенттіктерді басқарған қарағандылық Марат Нөкербеков орталықтан 6 кеңсе ашып, сыбайластарын отырғызған. Олар пәтер жалдағысы келген адамдардың әрқайсысымен 8 мың теңгеге келісімшарт жасасып, ақысына жалған баспаналар тізімін ұсынады. Сонау Балқаштан Қарағандыға келіп, үй жалдамақ болған Бақыт әжей алданғанын кеш білген. 

Бақыт Қарағызова, жапа шегуші:

Маған үш телефон берді. Бәрі сондай. 7-де звондаңыз, мен жұмыстамын, келген жоқ, дейді. Қайта-қайта звондайсың, ақыры өшіріп тастайды. Халықты алдаған, халықтың ақшасын алып, жеңіл жолмен ақша тауып жүргендер ғой. 

Сергей Ревенко, жапа шегуші:

5 күн бойы күттім. Неге алдайсыңдар деп барғанымда, балағаттап қуып шықты. Болды, сізбен келісімшарт бұзылды, деді. Алаяқтар ақшамызды қайтарсын, жауапқа да тартылсын.

Сот отырысында айыпталушылар мен олардың қорғаушылары бет жүздерін көрсетуден бас тартты. Бұған дейін сот отырысы 2 рет кейінге қалдырылған еді. Бұған наразы болған зардап шегушілер судья Манат Жұмақаеваны ауыстыруды сұраған. Бірақ сот ондай ұсынысты негізсіз деп тапты. Прокурорлардың дерегінше, жалған риэлторлар ҚК-тің 190-ыншы, яғни «Алаяқтық» бабымен айыпталған. Ол бап 2 жылға бас бостандығынан айрылу немесе ірі көлемде айыппұл төлеу жазасын қарастырады.

Сағынғали Қожанов, Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық прокуратурасының бөлім прокуроры:

Қылмыстық ойын жүзеге асыру үшін Нөкербеков жалға пәтер беру қызметін көрсететін агенттік құру туралы жоспар жасаған. Сөйтіп, оның сыбайластары «Крыша кз», «ОЛХ» парақшаларындағы жақсы жөнделген пәтер суреттерін пайдаланып, жалған мекенжайлар мен телефондарды азаматтарға беріп отырған.

Атышулы іске 10 күн ішінде нүкте қойылуы мүмкін. Судья процесті тез арада аяқтауға тырысатынын айтты. Өйткені алыстан келетін қатысушылардың отырысқа қатысуы қиындық туғызуда.

Айжан Қуаш, тілші:

Арызданушылар қаладағы барлық риэлторларды тексеруді сұрайды. Олардың айтуынша, алаяқ компанияның тағы бірнеше менеджерлері әлі ұсталмаған. Сондықтан талай алаяқтардың бостандықта өз істерін жалғастырып, сайрандап жүруі әбден мүмкін. Айта кетейік, Қарағандыда пәтер жалдау қызметін көрсетеміз деген 4 мыңдай жарнама тіркелген.

Айжан ҚУАШ