Русский Сайттың толық нұсқасы

Газ жырылып, баспанасынан айырылған отбасы 2 жылдан бері шығынын өндіре алмай жүр

  • AstanaTV
  • 15 наурыз 2019
  • 4005

Қызылордада баспанасыз қалған отбасы жауаптылардан шығынды өндіре алмай жүр. Екі жыл бұрын Шырынкүл Жанақованың үйінде газ құбыры жарылып, күл-талқаны шыққан. Ал құбырды алдын ала тексеріп кеткен мамандар ешқандай ақау болмағанын айтады. Бірақ 3-ші топтағы мүгедекке әлі күнге дейін шығынды өтеп бермеген.  

Шаңырағы ортасына түсіп, бір сәтте баспанасынан айырылған әйел 1 ай бұрын үйіндегі газ құбырын тексерткен. Бірақ, жауаптылар ешқандай кінарат таппапты. Бүтін бір үйі өртеніп кеткен отбасы 2 жылдан бері далада қалған.  

Шырынкүл ЖАНАҚОВА, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:  

Бомба сияқты жарылады екен. Тұрсақ, үй жоқ енді, бәрін шашып тастаған, стена деген жоқ, үй патырлап, өртеніп жатыр. Ол жерде адам аман қалады деп ойламайды ешкім. Заңды түрде құрылған, заңды түрде пеш, бәрі заңды.

Жарылыстан соң сараптама жүргізген мамандар көгілдір отын құбырында ақау болғанын айтқан. Бірақ, апаттың алдында газды тексерген жауаптылар айыптан жалтарып отыр. Тіпті, шығынды өтеп беруден бас тартқан. Апатқа үй иесінің өзін кінәлі деп санайды.  

Әмірхан ЖҰМАБАЕВ, «ҚАЗТРАНСГАЗ АЙМАҚ» АҚ ҚЫЗЫЛОРДА ӨНДІРІСТІК ФИЛИАЛЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: 

Ақау газ желісіндегі ішіндегі құбырларды меншік иесінің қауіпсіздігінің қамтамасыз етпеген салдарынан болуы мүмкін. Яғни, дұрыс қарамау салдарынан меншік иесінің. Орын алған апаттық жағдай тұрғын үйдің ішкі кіреберіс бөлігінде орын алған. Тұрғын үйдің ішіндегі газ желісіне меншік иесі жауапты болып табылады. Сондықтан, арыз қою талабы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Енді бұл отбасының базынасын облыстық заңгерлер алқасы қарап жатыр. Бірақ, биыл қантарда жіберген талап-арызды қалалық сот қайтарып тастаған.  

Жақып ШАЙМҰХАНБЕТҰЛЫ, ЗАҢГЕР: 

Бұл жағдайға байланысты нақты сарапшы қорытындысы жасалған, сырттан кіре беріс бөлмесінде газ металл трубаларының бойында ақау болу себебінен газ шығып, сол кішкене бір искрадан жарылыс орын алған. Және сарапшының берген қорытындысы бойынша бұл үй қайтадан тұрғызылуға, қалпына келтіруге келмейді деп берілген. Үйдің жалпы шығыны, барлығы оценка, бағалау жұмыстары жүргізілген. Осы жағдайға байланысты біз Қызылорда қалалық сотына талап арыз бердік

Екі жылдан бері пәтер жағалап, далада қалған отбасыға жергілікті билік 1 ай бұрын ғана уақытша баспана берген. Ал жанып кеткен үйдің шығынын өтеп беру үшін заңгерлер істі қайта сотқа бермек.  

Ш. Сақтапова