Русский Сайттың толық нұсқасы

Кооперативке біріккен павлодарлық шаруалар субсидиядан қағылдық деп отыр

  • AstanaTV
  • 02 қараша 2017
  • 2654

Ал Павлодар облысында өндірістік кооперативке біріккен қырықтан астам шаруашылық иесі "мемлекеттен берілетін субсидиядан қағылдық" дейді. Кәсіп иелерінің айтуынша, бұған қаржы бөлу бағдарламасындағы талаптар кедергі болып отыр. Яғни тұқым алуға қарастырылған қаржыны шаруаларға үлестіру бойынша ережеде "кооперативке ақша бөлу" мәселесі қарастырылмаған. Салдарынан шаруалар қыруар шығынға батамыз ба деп алаңдайды.

«Ертіс агро» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі осыдан 2 жыл бұрын құрылған. Бүгінде оның құрамына өңірдің ірі деген 44 шаруа қожалығы енген. Жұмыс қарқынды жүргізіліп жатыр. Бірігудің арқасында шаруашылық қожайындары бірқатар мәселені шешу мүмкіндігіне ие болғанын айтады. Ең бастысы, логистиканы қысқартуға қол жеткізген. Жағдай реттелмесе, бұл бірігу идеясының өзін құрдымға кетіреді,-деген пікірде шаруалар.

Ерлан Тоқтұшақов, «Ертіс агро» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы:

Кооперативке кірмеген шаруалар қолдау қаржыны толық мөлшерде алды. Ал кооперативке кіргендер бәрінен қағылып отыр. Яғни әр шаруашылық жеке-жеке болса, жеңілдетілген субсидия ала алады. Сонда бұл қалай, ауыл шаруашылығы министрлігі бізге бірікпеңдер, дей ме? 

«Ертіс агро» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі құрамындағы шаруалардың жағдайынан ауыл шаруашылығы басқармасы хабардар. Ведомство басшысы бұл мәселемен айналысып жатқанын айтты. Оның сөзінше, тиісті ережелерге өзгерту енгізу туралы ұсыныс министрлікке жолданған. Айта кетейік, тұқым сатып алу бойынша өндірістік кооперативке 18 млн теңге бөлінген. Қазір оның 6 млн теңгесі төленіпті. Қалған сома алдағы бірер айда аударылады,-деп сендірді шенеунік.  

Ораз Дүзденбаев, Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы: 

Біз ұсынысты бердік. Оны қолдады. Жылдың аяғына дейін өзгерістер тізімге кірсе, қалған 12 млн төлейміз. Ол ақша қарастырылған, кооперативке белгіленген. Басқа инвестициялық субсидия, гербицидқа субсидия, әрбір шаруашылыққа, сол кооперативтің мүшелері алып жатыр.