Астанада Орта Азиядағы ең үлкен мешіт салынады. Президент Нұрсұлтан Назарбаев оның теңдесі жоқ ғимарат болатынын айтты. Жалпы көлемі 57 мың, сыйыну залы 15 мың шаршы метр болатын Елорданың болашақ бас мешіті толығымен демеушілердің қаржысына тұрғызылады. Сондай-ақ, арнайы құрылған қорға өз үлесін қосам деген кез-келген азамат ақша сала алады.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Мемлекеттік бюджеттен бұған бір тиын да тартылмайтын болады. Соған қосылып отырған мынау біздің Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында елдің жасаған саясатының арқасында өніп, өсіп, бизнес жасап қалталы болған азаматтардың осыған қаражатын құйып отырғанына шын жүрегіммен рақметімді айтамын. Ол бір жағынан діни ғимарат болып саналғанымен, Астананың ең үлкен бір келіп көретін, туристардің ішінен шықпайтын үлкен объектісі болып саналады.
Мешіт «ЭКСПО» ғимараты маңында бой көтереді. Бір мезгілде ішіне 30 мың адам сыймақ. Негізгі архитектор - араб, ал құрылысты жүргізетін бұрын Хазрет Сұлтан мешітін салған түрік компаниясы. Айтуларынша, мешіт диаметрі 62 метрлік әлемдегі ең үлкен күмбезбен ерекшеленеді.
Нұржан МЫҢЖАСАРОВ, «АСТАНА 2020» ҚОРЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
Құрылысты 24 айда бітіреміз деп жоспарлап отырмыз. Биіктігі 88 метр болады. Минареттердің биіктігі 130 метрге жетеді.
А. Сейфулла