Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстан мен Иордания ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге мүдделі

  • AstanaTV
  • 01 қараша 2017
  • 3211

Қазақстан мен Иордания ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге мүдделі. Елімізге ресми сапармен келген Иордания королі Абдалла бен Әл-Хусейнді қабылдаған мемлекет басшысы осылай деді. Ақордада өткен басқосуда қос елдің мемлекетаралық ынтымақтастықты нығайту бойынша жоспарлары талқыланды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Иордания басшысының жаһандық бітімгершілік қызметін жоғары бағалады. Мәртебелі мейманға «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін» халықаралық сыйлығын өз қолымен табыстады. Тараптар екі ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық іс-қимылды нығайтуға ерекше мән беріп отыр. Өйткені соңғы жылдары өзара сауда-саттық көлемінің едәуір кемігені байқалған. Импорт пен экспорт көлемін арттыру үшін, тиімді логистикалық арналарды жетілдірудің маңызы зор, - деп атап өтті Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Көліктің жүру жолының қиындығына байланысты сауда-саттығымыз бүгінгі күні төмен деңгейде тұр. Сондықтан біз келіссөздер барысында тағы да атап өттік,  бүгінде Қазақстан Түркменстан, Иран арқылы Парсы шығанағына жол шықты, біріншіден. Екіншіден, жаңа ғана қол қойып келген біздің Үкімет басшысы Турциядан Грузия арқылы Бакуға шығып, Бакудан Қазақстанға Каспий теңізі арқылы келетін жаңадан жол ашылды. Бұның да Иорданияға баратын жолды жақындатуға мүмкіндігі тиеді.

Келесі жылы ақпанда қазақ елі мен Иорданияның дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына 25 жыл толады. Екі елдің тауар айналымы 2014 жылы 16,3 млн долларды құраса, 2016 жылы 264,6 мың долларға түскен. Ал биылғы қаңтар-тамыз айларында 253,8 мың долларды құрады. Мемлекет басшылары халықаралық аренадағы өзекті мәселелер туралы да пікір алмасты. Сириядағы шиеленіс, Ирактағы жағдай, Катар төңірегіндегі дағдарыс туралы ой бөлісті.

Абдалла ІІ бен Әл-Хусейн әл-Хашими, Иордания королі:

Терроризм мен экстремизм мәселелері өзектілігін жоғалтпай отыр. Лаңкестік топтардың жаһандық қауіпсіздікке қатер төндіргенін қаламаймыз. Тұрақтылықты сақтауда Сириядағы жағдайдың реттелгені өте маңызды. Сирия шиеленісін шешу үшін жақсы алаң ұсынып отырсыздар, біз Астана процесіндегі Қазақстанның үлесін жоғары бағалаймыз. Бүгінгі кездесу Қазақстан мен Иордания ынтымақтастығын дамудың жаңа деңгейіне көтереді деген сенімдеміз.

Айгүл ӘДЕПБАЙ