Русский Сайттың толық нұсқасы

Елорда атауы өзгерсе де, тұрғындар «астаналықтар» болып қала береді - Бақыт Сұлтанов

  • AstanaTV
  • 21 наурыз 2019
  • 4912

Астананы «Нұр-Сұлтан» деп атауға қазақстандықтар қарсы болмайды. Сатирик-жазушы Көпен Әмірбек: «бұл - айтқанға ыңғайлы, ұлтқа мақтаныш әкелетін ат» , - деді . Ол бұл бастаманы оңай қабылдап, үйренісіп үлгергенін айтты. Оның пікірінше қаланың жаңа атауы кейінгі ұрпаққа Тұңғыш Президенттің еңбегін әйгілеп тұрады.  

Көпен ӘМІРБЕК, САТИРИК:

Нұр-Сұлтан деген атты Астанаға беруі ол кәдімгі қазақтың әдеті, ғұрпы, дәстүрі сақталғандай, біздің ұлтымызға келетін мақтанышындай ат. Нұр-Сұлтан қаласы. Әдемі ғой. Ешбір елде жоқ ат бұл.

Мәжіліс депутаты Бақытжан Ертаев Астананың атын ауыстыру туралы ұсыныс бұрындары да айтылғанын еске салды. Ол кезде Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қарсылық білдірген. Енді Елбасының есімін мәңгі есте қалдырудың уақыты келген тәрізді, дейді Халық қаһарманы.

Бақытжан ЕРТАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «NUR OTAN» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Астана қаласын Нұр-Сұлтан қаласы деп атауға біз бұрыннан қадам басқанбыз. Ол 2014-15 жылы айтылған сөз. Сонда ұсынғанбыз. Бұл сөзді көтергенде ол кісі өзінің салмақтығымен көнген жоқ еді. Міне, енді ел сұрауымен, мәжілістің сұрауымен, жаңа Президенттің сұрауымен ол кісі көнді. Құтты болсын, біздің Нұр-Сұлтан астанамыз.

«Нұр-Сұлтан» қаласының тұрғындарын қалай атаған дұрыс? Әлеуметтік желі қолданушылары кешеден бері осы мәселені қызу талқыға салды. Бүгін қала әкімі Бақыт Сұлтанов бұған қатысты пікірін білдірді.

Бақыт СҰЛТАНОВ, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары Елордада тұрып жатқандықтан өздерін Астаналықтармыз деп атайтын болады, ал «Астана опера», «Астана Арена» және тағы басқа сол секілді әлемге Астана брендімен танылған объектілер сол атаумен қалады. Өзгелеріне келсек онда барлығы кезең-кезеңмен жүзеге асады. Оған көп қаражат та кетеді деп ойламаймын. Ал тұрғындарға төлқұжатты алып ХҚКО-на жүгірудің қажеті жоқ. Барлығы жоспармен жүзеге асады.

Д. Қайыртай