Қасым-Жомарт Тоқаевты Белоруссия, Өзбекстан және Әзірбайжан Президенттері құттықтады. Қазақстанның жаңа басшысына олар денсаулық пен табыс тіледі. Белоруссия Президентінің ресми сайтында Александр Лукашенко екі ел арасындағы әріптестік байланыс алдағы уақытта да дами беретініне сенім білдіргені туралы жазылған.
«Беларусияда сізді қазақ халқының құрметіне ие болған, парасатты мемлекет қайраткері ретінде таниды. Жақында Минскіде өткен кездесуде сіз мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға дайын екендігіңізді айттыңыз».
Ал Шавкат Мирзиеев пен Ильхам Алиев Қазақстанның жаңа Президентімен телефон арқылы сөйлесті. Оның мазмұны Ақорданың сайтында жазылған. Бауырлас елдердің басшылары Қасым-Жомарт Тоқаевты жоғары лауазымды қызметке кірісуімен құттықтап, табыс тіледі. Өз кезегінде біздің Президент оларға ризашылығын білдіріп, елдер арасындағы стратегиялық серіктестік жалғаса беретінін атап өтті. Мемлекет басшылары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзара қарым-қатынасты қалыптастыру және оны нығайту ісінде ерекше рөл атқарғанын атап өтті. Сөз соңында олар бірін-бірі Наурыз мейрамымен де құттықтады.
Д. Қайыртай