Русский Сайттың толық нұсқасы

«Қаламқастағы" төтенше жағдай тау жыныстарының үйкелісінен болуы ықтимал - Б. Ақшолақов

  • AstanaTV
  • 26 наурыз 2019
  • 3979

Ал «Қаламқастағы" төтенше жағдай тау жыныстарының үйкелісінен болуы ықтимал. Энергетика вице-министрі Болат Ақшолақов бүгін осындай болжамен бөлісті. Бірақ, мұны комиссия анықтауы керек. Мұнай кен орынындағы ұңғымалардың бірінде тұтанған өрт- екі күнннен бері сөнбей жатыр. Оған желдің ұйытқып соғуы да кесірін тигізуде. Соңғы деректермен Данияр Қайыртай бөліседі.  

Данияр ҚАЙЫРТАЙ, ТІЛШІ: 

Ұңғымалардың бірінде биіктігі 10 метрге жететін грифонның жанып жатқаны жөнінде хабарлама дүйсенбі күні таңғы алтылар шамасында түскен. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Қазір оқиға орнында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 20 өрт сөндіру техникасы мен 83 құтқарушысы жұмыс істеп жатыр. Оларға жекеменшік өрт сөндіру компаниялары да көмекке келген.

Владимир БЕККЕР, ҚР ІІМ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: 

Ақтаудан оқиға орнына дейін 300 шақырым. Қосымша техника сағат 18:00-де жетеді. Кешкі сегізден кейін тағы да өртті сөндіруге талпынып көреміз. Төтенше жағдайдың қиындығы сол - газ қатты қысыммен шығып жатыр. Оның үстіне жел бар. Кейде секундына 15 метрге дейін жетеді.

Бүгін түс кезінде өрт алауы басқа бір ұңғымаға түскені жөнінде хабар тараған. Ол - бұрғыланған ұңғыма. Яғни қолданыста жоқ көрінеді.  

Болат АҚШОЛАҚОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ: 

Өрт нөмірі 8237 ұңғымасына да жайылды. Ол өзінің жобалық тереңдігіне дейін жете қойған жоқ. Әлі пайдаланылмайды. Өрт ошағынан шамамен 450 метр қашықтықта орналасқан. Сондықтан өрт екі ұңғымада емес, бір ұңғымада болып жатыр.

Кен орнында 13-ші наурыз күні бұрғылау жүргізіліп, шаю жұмыстары атқарылған. Бірақ, цемент қату барысында газ-су аралас қоспа атқылаған. Жауапты ведомства мұнай қалдықтары жерді ластаған жоқ деп отыр. Каспийдегі қорғау дамбысы апат болған кен орнынан 4,5 шақырым алшақ орналасқан. Ал, жақын мандағы елді-мекендер 70 км -ден астам қашықтықта екен.  

Сәбит НҰРЛЫБАЙ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ: 

Маңғыстау облыстық экология департаменті тексеріс жұмысын бастады. Аталған департаменттің жылжымалы зертханасы күнделікті осы кен орнында мониторинг жасауда. Ол біріншіден, ауа, ауаның сапасы, ілеспе судың сапасы және топырақтың сапасы.

Данияр ҚАЙЫРТАЙ, ТІЛШІ: 

Ал төтенше жағдайға түрткі болған қандай да бір тәртіп бұзушылықтар үшін мердігер компания жауапқа тартылады. «ҚАЗМҰНАЙГАЗ» басшылығы «Маңғыстаумұнайгаз» бен «СиБу» компанияларының арасында келісімшарт барын айтады. Және СиБУ ұңғыма құрылысын толық аяқтаған соң, тапсырады. Сондықтан бар жауапкершілік мердігердің мойнында дейді.

Д.Қайыртай