Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырау облысында 5 тонна балық қырылды

  • AstanaTV
  • 29 наурыз 2019
  • 3300

Атырауда тағы да балық өлексесі жағаға шықты. Бұл жолы Қызылқоға ауданында Ойыл өзенінің бір тармағында мөңке жаппай қырылған. Ауыл тұрғындарының бірі оны ұялы телефонға түсіріп алған. Видеода жағаға желмен жиналып қалған шабақтар екенін көруге болады. Мамандар су маржандары қыста ауа жетпей тұншығып өлген деп болжап отыр. Қазір аталған аумақта еріктілер өлекселерді жинауға кірісті. Барлығы 5 тоннадай балық жиналған. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл жағдайдың Жайықтағы қырғынға қатысы жоқ дейді. 

Нариман ЖҮНІСОВ, ҚР АШМ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫ ОРЫНБАСАРЫНЫҢ м.а.: 

Алдын-ала болжам бойынша, балықтың өлуіне суда оттегінің жетіспеушілігі себеп болған. Бұл көл балық шаруашылығына арналған көл емес, сондықтан онда балық ресурсы көп деп айтуға болмайды. Еріген сулар жиналып, пайда болған көл. Бұл су айдыны бекітілмесе де, жергілікті атқарушы органдарға қарайды. Яғни, әкімдіктер балықтың қырылуына барынша жол бермеуі тиіс. Бірақ түсініңіздер мұндай кішкене көлдер өте көп, сондықтан үнемі дер кезінде анықтай алмай жатамыз.

Ал Жайық өзенінде желтоқсан айынан бері 118 тоннадан астам балық қырылып қалды. Су маржандарының уланып өлгені белгілі болғанымен, кінәлі әлі табылған жоқ. Жайықтың қазір жағдайы қалай? Тергеу қорытындысы қашан шығады? Экологтардың пікірі мен шенеуніктер уәжі сенбі «Біздің уақыт» бағдарламасында көрсетіледі. 

Б. Нәдірқызы