Русский Сайттың толық нұсқасы

«Таңғы төртте басталған жұмыс түнгі 11-ге дейін жалғасады». Нұр-Сұлтандағы жол апатынан кейін анықталған дүние

  • AstanaTV
  • 30 наурыз 2019
  • 5596

Таңертең тұрып балалар сабаққа, ата-ана жұмысқа, ата-әже бір шаруамен немесе емханаға кеткенде олардың кешке аман-сау оралуы - ең бастысы сол емес пе?! Нұр-Сұлтандағы жол апаты... Сенат депутаты Г.Ким премьер-министрге жолдаған сауалында «Жүріп-тұратын жолаушы көп, демек қауіпсіздік мәселесіне аса қатты мән беру керек, техникалық және медициналық қадағалау жасайтын заңды да, жеке де кәсіпкерлердің қызметін бақылауды күшейту қажет», деген. 36 адам зардап шегіп, 2 кісі – автобус жүргізушісі мен бір келіншек мерт болды. Бір әйелдің аяғын кесуге тура келген. Жағдайы ауыр адамдар бар. Эмоцияға беріліп,"осы ғой енді" деп айыптау шешімін шығарып тастағандар жалпы жолаушы тасымалындағы ахуалға байланысты «байбаламшы» ретінде көрінбейді. Әлішер Өмірзақтың материалы.  

Өскеменнен елордаға ем іздеп, өз аяғымен келген Дариға Жазықпаева аурухананың кереуетіне таңылды. Ауруының асқынуынан емес, 26-сы күні болған жантүршігерлік жол апатында ол да нөмірі 301 автобус ішінде болған. Дәрігерлер оған омыртқасы сынғанын айтады...

Дариға ЖАЗЫҚПАЕВА, ЗАРДАП ШЕГУШІ: 

Мен Өскеменнен келдім больницаға. Нейрохирургияға. Басымды қаратуға. Бәрін өткем, енді врачқа кетіп бара жатқам. Сол автобуста соғылып, білмей қалдым не болғанын. Перелом менде позвоночника және қабырғам сынған.

Оқиға орнында мерт болған жүргізуші мен артында бір баласы қалған 27 жастағы жалғыз басты ананы қоспағанда зардап шеккендер саны 36-дан асады. Дәрігерлер біреуінің аяғын кесіп тастауға мәжбүр болған. Төртеуі әлі де жан сақтау бөлімінде жатыр. Айдың-күннің аманында бұл жағдай қалай орын алған деп қаланың ішкі істер департаментінің есігін қаққан едік... Бір ай ішінде нақты жауап береміз, тергеу бітсін деді. Ал жолаушы тасымалына жауапты мекеме «Астана ЛРТ» техникада ақау болмады, жүргізушінің де денсаулығы жақсы болған дейді. 

Бекмырза ИГЕНБЕРДИНОВ, «АSTANA LRT» БАСШЫСЫ: 

Жүргізушілер жолға шықпастан бұрын күнде медициналық тексерістен өтеді. Ол да өткен. Жұмысқа шығарда оның жағдайы жақсы болған. Техникадан да еш кінәрат табылмаған. Өтемақыға келсек, әрбір автобус паркі жолаушылар мен жүкті тұтас сақтандырады. Қазір өтемақы көлемін айта алмаймын. Ең алдымен, медициналық сараптама жүргізілуі тиіс. Соның нәтижесі бойынша сақтандыру компаниясына хабарласып, шығын көлемін жариялаймыз және өтемақы көлемі белгіленеді.

Көмек көрсетеміз дегенмен өмірден өткен жүргізушінің 4 баласына әке орнын, жалғызбасты ананың кәмелеттік жасқа толмаған баласына ана орнын ешкім баса алмайтыны белгілі. Тергеу-тексеру жұмыстары жүргізушінің өзін кінәлі деп тапса ше? Бұл сұраққа өкілетті органдар алдын ала жауап беруден бас тартты. Ал сол автобустың ішінде болған жолаушы Самал Әбділдақызының болған оқиғаның себебіне байланысты өз нұсқасы бар.  

Самал ӘБДІЛДАҚЫЗЫ, ЗАРДАП ШЕГУШІ: 

301 автобустың алдыңғы жағында тұрдық. Бір кезде қарап қалсам, водитель қатты келе жатыр екен. Сосын айттық шыңғырып, бәріміз айқайладық. Бірақ водительдің реакциясы болған жоқ, ол кісі өзі ауырып келе жатты ғой деймін. Оның тормозы ұстамай қалуы болды-ау деймін. Ауырмаса тормыз басылмай жатқанда айқайлап, даусын шығаруы керек қой. Вообще үні шыққан жоқ, даусы шыққан жоқ.

Қоғамдық көлікті басқаруда 8 жыл 8 ай тәжірибесі бар 53 жастағы жүргізушіні "салғырттық танытты", "жолға дұрыс қарамады", "телефонға үңілген болар" деп айыптаудың өзі қиын. Бейнебақылау камерасына түскен сұмдық жағдайды мән беріп қарасақ ешкімнің тежегішті басуға немесе көліктің бағытын бұруға тырысқаны да байқалмайды. Шопырдың дені сау, көлікте техникалық ақау жоқ болса, неге мұндай жағдай орын алды? Біз №1 автобус паркіне барып, техниканың күйі мен жұмысшыларға қандай жағдай жасалғанын өз көзімізбен көріп қайттық.   

Ділмұрат СӘЛИЕВ, №1 АВТОБУС ПАРКІНІҢ ЖҮРГІЗУШІСІ: 

С 4-х утра мы встаем, в 5 уже здесь. До 10-11-ти работаем. Мойка, заправка, и где-то к часу и 12-ти уходим отсюда.

Қоғамдық көлік жүргізушісінің жұмыс күні таңғы 4-тен басталады. Автобус паркіне 5-те келісімен, медициналық тексерістен өтеді. Онда алкотестермен ішімдік қабылдап-қабылдамағаны, қан қысымы және жалпы жағдайы қаралады. Техниканы да арнайы мамандар тексерістен өткізеді. Тежегішін де қарайды екен. Барлығы дұрыс болса, жүргізуші жұмысына кіріседі. Осылайша түнгі 11-ге дейін. Арасында тамақтануға екі мәрте 30 минуттан ғана уақыт беріледі. Бұл уақыт не дүкенге баруға, не тамақтануға жетпейді дейді жүргізушілер. 

Светлана ЛЕЙБ, №1 АВТОБУС ПАРКІНІҢ ЖҮРГІЗУШІСІ: 

Бізде автобус жуатын орын өте кішкентай. Ал автобус көп. Жұмыс сағат 11-де бітеді дегенімізбен, түнгі 2-ге дейін бір-бірімізді күтіп кезекте тұрып қаламыз. Таң атпастан түн батқанға дейін рульде отыру оңай емес. Жүйкең шаршайды. Одан кеп көлік жуамыз. Жұмыс кезінде де жұртпен байланыс оңай емес. Карта арқылы төлем жасауды енгізгенмен, әлі де ірі ақша беріп төлейтіндер бар. Ақша санап кідіріп қаламыз. Графиктен кешіксең, 3 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейсің.

Әлішер ӨМІРЗАҚ, ТІЛШІ: 

12 мүшесі сау адамның өзі күніне 12 сағаттан аса жұмыс істейтін болса, денсаулығы сыр беретіні рас. Техника да дәл солай. Айтқандай, күні кеше сенатор Георгий Ким Премьер-Министр атына жолаушылар тасымалымен айналысатын кіші және орта бизнес өкілдеріне бақылауды қатайту туралы депутаттық сауал жолдады. Тиісті шаралар қабылданады дегенше... барынша абай болуға тырысыңыз. Бала-шағаңызды оқуына жеткізіп, одан әрі тамағыңызды табуға кетіп бара жатқанда, апат атаулыдан сақтасын дейміз. Кешке отбасының төрт көзі түгел жиналғанынан артық не бар?