Русский Сайттың толық нұсқасы

Украинада президент сайлауының екінші туры өтеді - ОСК

  • AstanaTV
  • 01 сәуір 2019
  • 3438

Украинада президент сайлауының екінші кезеңі өтетін болды. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы ресми түрде мәлімдеді. Сайлаудың келесі айналымына шоумен Владимир Зеленский, қазіргі мемлекет басшысы Петр Порошенко және «Батъквщина» партиясының жетекшісі Юлия Тимошенко өтті. Бірінші турда шоумен өзгелерінен оқ бойы алда келді. Саясатқа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, тәжірибесі аз үміткер неге бәрінен көп дауыс жинады? Данияр Қайрытай тарқатады. 

Владимир Зеленскийдің жеңісін шетелдік басылымдар «сенсация» деп атады. Ал шоуменнің өзін «мықты үміткер» деп бағалап отыр. Президент сайлауына дейін жұрт Зеленскийді «Слуга народа» сериалындағы басты рөлі арқылы ғана танитын. Онда Президенттің рөлін сомдайды. Халық үшін шын жаны ашып, сыбайлас жемқорлықпен күреседі. Жұмысына велосипедпен барып, келеді. Бір сөзбен айтқанда, қиялдағы саясаткер.  

Владимир ЗЕЛЕНСКИЙ, УКРАИНА ПРЕЗИДЕНТТІГІНЕ ҮМІТКЕР: 

Жемқорлықсыз, парасыз жаңа елде жаңа өмір басталады. Жеңіске жетеміз деп ойлаймын.

Владимир Зеленскийге халықтың 30 пайыздан астамы дауыс берген. Петр Порошенко 16 пайыз, Юлия Тимошенко 13 пайыз дауыс жинады. Шоуменнің мемлекет басшысынан көп дауыс жиғаны халықтың дағдарыс пен түрлі проблемалардан шаршағанын білдірсе керек. Бұл мәселеге қатысты The Guardian былай жазды: 

«Зеленскийдің кампаниясы нәтижесіз реформалар мен тұралап қалған экономикадан мезі болған, елде өзгеріс болғанын қалайтын жас сайлаушыларға бағытталған. Бес жыл бұрын украиналықтар көшеге қарсылық шеруіне шығып, президенттерін құлатқан еді. Көбі революцияда айтылған уәделер орындалмады деп отыр». 

Ал, саясат сахнасында бұрыннан жүрген екі үміткердің сайлауалды ұрандары электоратты иландырмаған секілді. 

Петр ПОРОШЕНКО, УКРАИНА ПРЕЗИДЕНТІ: 

Ресей өзінің империялық амбициясынан бас тарта алмай, Украинаға қастандық жасауын тоқтатпай қойды. Бүгін біз, украина халқы, Ресейдің бірінші турға қатысты сценариін бұздық. Әрине, олар Порошенконы тақтан көргілері келмеді. Бірақ, жолдары болмады.

Юлия ТИМОШЕНКО,УКРАИНА ПРЕЗИДЕНТТІГІНЕ ҮМІТКЕР: 

Бәрін өзгертуге мүмкіндігіміз бар. Соңғы бес жыл бойы Украинаны кедейлік пен жемқорлық жайлады. Оны әрбір украиналық тоқтата алады.

Киев бүгін жым-жырт. Сайлау учаскілері жабық. Украинаның орталық сайлау комиссиясы екінші айналым өткізу керектігін ресми түрде мәлімдеді. Алайда үміткерлер үгіт-насихат жұмыстарына әлі кіріскен жоқ.  

-Ризамыз. Зеленскийге дауыс бердік. Бәрі ойдағыдай өткен секілді. Жақсылық күтеміз. 

-Үміт көп. Зеленский көш бастап тұр. Бірақ, басқасына үміт артып едік. Бәрі жақсы болады деп сенеміз.

Сайлаудың келесі туры сәуірдің 21-і өтеді. Сарапшылар қандай да бір болжам жасаудан тартынып отыр.  

Д. Қайыртай