Солтүстік Қазақстанда да қызыл су облыстық маңызы бар 7 тас жолды шайып кетті. Бұл жайында төтенше жағдай мамандары хабарлады. Қазір Селеті өзенінің бойында орналасқан Қаратал мен Қулыкөл ауылдарына қауіп төніп отыр. Су көлемі күннен күнге көбейіп келеді. Селеті су қоймасы екі тәуліктің ішінде 90 миллион текше метр су өткізген. Қос ауыл арасында жолды су шайып, қозғалыс қиындады. Бұл елді-мекендерде мыңнан астам адам тұрады. Құтқарушылар жергілікті мектептің ішінде эвакуациялық бекет әзірлеп қойған. Әзірге онда 33 адам көшірілді. Олардың дені әйелдер мен балалар. Ал қалған жұрт баспанасын тастауға асығар емес.
Рамиль КАМАЛОВ, СҚО ТЖД БАСТЫҒЫ:
Селеті су қоймасы секундына 574 текше метр су өткізіп жатыр. Оқиға орнында арнайы штаб құрылып, жағдайды бақылауда. 25 техника тартылды. Көрші облыстардан 15 құтқарушы көмекке келді. Қазір өңірдің ең ірі бассейні - Сергеев су қоймасында да судың деңгейі ұлғайып жатыр. Тәулігіне екі сантиметрге көбейген. Тағы 36 сантиметрден кейін өзен суы дамба қырынан асып түседі.
А. Құрманкин