Бұл уақытта Қостанай қаласының бұрынғы әкімі шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды. Ахмедбек Ахметжановқа 2 жыл 7 ай мерзімге пробациялық бақылау тағайындалды. Облыстық соттың алқасы экс- шенеунікті шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы шешім қабылдады. Қостанайдың бұрынғы басшысы бүгін қоныс колониясынан шығады.
Зәуре ЕДИКОВА, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ СОТЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Қостанай облыстық қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 1 сәуірдегі қаулысымен бірінші сот инстанциясының шешімі жойылды. Қылмыстық Кодекстің 72 бабы 1 бөлімі бойынша Ахметжанов пен оның адвокатының шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы талап арызы қанағаттандырылды.
Еске салайық, Ахмедбек Ахметжанов 2016 жылы 30 млн теңге пара алғаны үшін, 13 жылға сотталып дүние-мүлкі түгел тәркіленген еді. Кейін оның адвокаттары Жоғарғы сотқа шағымданып, жаза мерзімі қысқарды. Жазасын өтеуші өткен жылы Шығыс Қазақстан облысындағы түзеу мекемесінен Қостанайға қауіпсіздігі төмен колонияға аударылған. Ахметжанов ақпан айында мерзімнен бұрын шартты түрде бостандыққа шығу және жазаның орнына айыппұл төлеу туралы шағым білдірген болатын. Қалалық сот оның талап -арызын қанағаттандырмай қойды. Бірақ, облыстық сот алқасы сотталушының арызын қанағаттандырды.
З. Санай