Отандық битумның сапасыздығы мен суағарлардың жоқтығынан жолдар тез бүлінуде. Бұл туралы қарағандылық мердігерлер мәлімдеді. Жол жөндеушілердің айтуынша, асфальттің құрамына қосылатын битумның сапасы нашар. Биылдың өзінде 15 қалалық жол көктемгі қар суымен бірге езіліп кеткен. Енді оларды қайта жөндеуге тура келеді. Миллиондаған қаржы жұмсалса да бүліне беретін жолдар халықты да мезі етті. Жол проблемасын осы өңірдегі әріптесім Айжан Қуаш тарқатады.
«Не знаю, нету асфальта сейчас в такое время».
Расында да Октябрь ауданында асфальттің көбі көктемгі қар суымен бірге езіліп кеткен. Коммуналды қызметке жауаптылар ойық- шұрықтарды ескі бетон қалдықтарымен жамап жүр. Жолдың нашарлығынан автобустар да аялдамаға бармайтын болған.
Жанар АҚМОЛДИНА, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
«Осы жақ вечно слякать болып жатады, Автобустар тоқтамай кетеді. Көп автобустар ана жақпен кетіп қалады.Жол жаман сондықтан жүргісі келмейді маршруттар».
Юрий КРОЛЯ, АВТОБУС ЖҮРГІЗУШІСІ:
Бұл жермен жүргің келмейді. Адамдарды аяйсың, автобустан да түк қалмады. Өзі 30 жыл болған техника. Қайта-қайта жөндетем.
Жүргізушілер жолдың нашарлығынан көлік апаттарының көбейгенін айтады. Олар бұған жол салатын мердігер компанияларды кінәлайды. Ақша үнемдеп, асфальт құрамына тиісті заттарды аз қосады, деп күдіктенеді.
Арман ЖАҚСЫБАЕВ, ЖҮРГІЗУШІ:
Жолды істейтін адамдар кінәлі ғой көбінесе. Качествасы жоқ, совсем. Үй салған кезде айтады ғой «цемент қоспаған шығар» - деп, сол секілді бір нәрсесі жоқ қой, бәрі объездной мен жүр. Авариялардың бәрі осыдан, жолдан қашады да бір- біріне соғылып жатыр.
Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:
Бұл жолдың әрбір шақырымы осыдан екі жыл бұрын бақандай 86 млн- нана астам теңгеге жөнделген. Сөйте тұра сапасы сын көтермейді. Ал мердігер компания 3 жыл кепілдік мерзімде кемшіліктерін түзеткен болады. Ол уақыт аяқталған соң жөніне кетеді. Ал орнында қалған шұрық- тесік жолға тағы да қаржы құйылады.
Дәл осы маңайды жөндеген «Армстрой» мекемесінің өкілдері, проблема бар екенін мойындайды. Бірақ, олардың пайымы бөлек. Асфальт жабындысына қосылатын битум сапасыз деп отыр. шетелден әкелуге тиым салынған, сондықтан отандық өнім пайдаланылады. Ал ол сын көтермейді деді мекеме инженері.
Лилия БОЛАТОВА, «АРМСТРОЙ» ЖШС ИНЖЕНЕРІ:
Жолдың сапасы асфальттің құрамына байланысты. Павлодар битумының сапасы нашар. Ол ауыр салмақты техника мен қардың суына төзбейді. Ал шетелден жоғары сапалы өнім алуға рұқсат жоқ, отандық өнімді пайдалануымыз керек. Ол туралы тіпті есеп береміз. Оның үстіне бұл жолдардың астына суағарлар салынбаған. Қыста қар тазаланбайды. Осының бәрі жолды бүлдіреді.
Нұржан ТАСМАҒАМБЕТОВ, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАЛЫҚ ТҮКШ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
Битумның сапасы жол сапасына 60-70 пайыз әсер етеді. Қарағанды компаниялары битумды Шымкент, Павлодар, Ақтау қалаларынан сатып алады. Отандық өнім мықтылығы жағынан қалыпты көрсеткіштің ең төменгі деңгейінен ғана өтіп тұр. Мараторийға сәйкес, өз еліміздің тауарын қолданамыз.
Қала әкімдігінің мәліметінше, қалада 152 жолдың кепілдік мерзімі бітпеген. Оның 15- і биыл қар ерісімен бүлініп қалды. Ойық- шұрықтарды мердігерлер жер кебісімен өз қаржыларына жөндейді. Ал қалған аумақтарды мамандар әлі толық тексеріп үлгермепті. Сондықтан алдағы уақытта қанша асфальт істен шығады, ол жағын ешкім білмейді.
А. Қуаш