Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда биші Рудольф Нуреевтің театр киімдері көрмеге қойылды

  • AstanaTV
  • 04 сәуір 2019
  • 4820

Алматыда жиырмасыншы ғасырдың бишісі Рудольф Нуреевтің оннан аса сахналық костьюмі көрмеге қойылды. Бұл үшінші халықаралық «Ballet Globe» би фестивалінің аясында ұйымдастырылды. Көрме аты аңызға айналған балет бишісінің 80 жылдығына арналған. 

Көздің жауын алатын мына костьюмдер өз заманында француз қауымының ерекше сүйіспеншілігіне бөленген. Дәл осы костюмдерде танымал балет бишісі, хореограф Рудольф Нуреев ондаған туындыны сомдады. «Ұйқыдағы ару», «Ромео және Джульетта» қойылымдарына көрік беріп, әсерлендіре түскен еді. 40 жылдан аса уақыт өтсе де костьюмдер сол күйі - жаңа. Тозбаған, тіпті өңі де кетпеген.  

Анвара САДЫҚОВА, ӨНЕРТАНУШЫ: 

Бұл әрине Қазақстан мәдениеті үшін ерекше жайт. Бірінші рет Рудольф Нуреевтің шығармашылығына арналған көрме өткізіліп жатыр. Шынында, әртістің киген әр киімі сапалы материалдан. Қолмен тігілген. Тіпті оның киім кию үлгісі бүгінгі балет биінде әлі сақтаулы. Сондықтан оның әр киімі бұл өнерде ерекше бағаланады. Шын жанашырлары оны жақсы түсінеді.

Өнертанушы бишінің сахналық киімдерге аса мән бергенін айтады. Костьюмдердің сызбасында өзі дайындап берген деп отыр. Мынау «Жизель» қойылымына киген киімі. Көзі тірісінде оның сүйікті костюмдерінің бірі болыпты. Балет өнерінің әлемдік жұлдыздары да шараға арнайы келіп, әртістің сүйікті туындысын орындады.  

Аты аңызға айналған Рудольф Нуреев классикалық би жанрының көрнекті өкілі. Кеңес кезінде атағы тараған. Әсіресе ерекше би техникалармен шетел көрермендерін таңдай қақтырыпты. 1961 жылы Парижге гастрольдік сапармен барып, Еуропада қалып қойған. Кейін киноға түскен, тіпті опералық оркестрде дирижерлік еткен.    

Шарль ЖЮД, ПАРИЖ ҰЛТТЫҚ ОПЕРА ЖӘНЕ БАЛЕТ ТЕАТРЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ: 

«Жизель» шығармасы, бұл - махаббат пен құштарлық суреттелген балет қойылымы. Рудольф Нуреевтен кейін осы қойылымды Мириам Олд Брам алып шықты. Ал Поль Марке бүгін бірінші рет сол балетті билет береді. Бұл шығарма Францияның мұрасы. Сондықтан француз өнерінің Қазақстанда жаңғыруы біз үшін мақтаныш.

Фестиваль қонақтарын енді фотограф Франсе Левьенің көрмесін тамашалай алады. Онда балет бишісі Рудольф Нуреевтің билеп жатқан кезінде түсірілген тарихи фотолары қойылмақ. 

О. Нұржақып