Русский Сайттың толық нұсқасы

Барселонаның атақты ойыншысы Лионель Месси қайтадан жаңа рекортпен көзге түсті

  • AstanaTV
  • 08 сәуір 2019
  • 2592

Барселонаның атақты ойыншысы Лионель Месси қайтадан жаңа рекордпен көзге түсті. Бұл жолы әлемнің үздік шабуылшысы жеңіспен аяқтаған кездесулердің санын ұлғайтты. Енді 31 жасар аргентикалық футболшының еншісінде 12 түрлі рекорд бар. Осы және өзге де спорт жаңалықтары жайында тілшіміз әңгімелейді.

Испания біріншілігінде «Барселонаның» аргентиналық шабуылшысы Леонель Месси жеңісті ойындардың саны бойынша рекорд жаңартты. Сәуірдің 6-сы күні барселоналықтар Мадридтің «Атлетикосын» 2:0 есебімен тізе бүктірді. Жеңісті голды Месси қарсылас қақпасына дарытты. Осылайша аргентиналық Испания чемпионатында өткізген 447 ойынның 335-ін жеңіспен аяқтады. Бұған дейін бұл рекорд «Реалдың» бұрыңғы қақпашысы Икер Касильясқа тиесілі болатын. Оның еншісінде 334 жеңіс бар.

Бразилиялық «Крузейро» футбол клубы әйгілі футболшы Роналдиньоның баласы Жуан Мендеспен келісім-шартқа отырғандарын хабарлады. 14 жастағы футболшы клубпен алты жылдық келісімге қол қойған. Әзірге талант иесі жасөспірімдердің қатарында ойнамақ. «Бұл ойыншының қабілеті өте жоғары. Жақын арада оны кәсіпқойлар сапына ауыстырамыз» дейді жастар командасының директоры Амарилда Рибейра. Роналдиньоның өзі Бразилия мен Еуропаның бірқатар үздік клубтарында өнер көрсеткен болатын. Атақты футболшы «Барселонамен» бірге Чемпиондар лигасын, Испания Суперкубогын жеңіп алды. 2005 жылы «Алтын доп» иегері атанды. Сондай-ақ, 2002 жылы Бразилия ұлттық құрамасымен бірге әлем чемпионы атанды.

Қазақстандық теннисші Александр Бублик болса, Монтеррей челленджер турнирінің жеңімпазы атанды. Озық ракеткалардың тартысы Мексикада өткен болатын. Дүниежүзілік рейтингте Бублик 120-орында болса, қарсыласы 309-сатыда еді. Қазақстандық спортшы Гоместі 6:3, 6:2 есебімен екі партияда тізе бүктірді. Бәсеке бір сағатқа жуық уақытқа созылды. Осылайша 21 жастағы Александр Бублик челленджер турнирлерінде оныншы рет жеңімпаз деп танылып отыр. Ол биыл Будапешт және Франциядағы жарыстарда үздік шыққан еді.

Атақты спортшы Евгений Плющенконың баласына мұз айдында Майкл Джексонның әнін қолдануға тиым салынды. Кішкентай Плющенко «Billie Jean» әніне өнер көрсетіп жүр. Жуырда Майкл Джексон туралы фильм үлкен дауға түрткі болды. Әйгілі америкалық әнші педофилияға қатысы бар деген күдікке ілініп отыр. Сондықтан оның әнін шетелде қолдануға болмайды. Әзірге Майкл Джексонның әніне тек Ресейде ғана мәнерлеп сырғанауға рұқсат. Ал, жас спортшының анасы Яна Рудковская әйгілі әнші туралы сыбысты сандырақ деп есептейді.