Оралда киік мүйізін шабаданмен тасыған өзбек азаматы ұсталды. Бұл туралы Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінен хабарлады. Киік мүйізін жолаушылар автобусымен Ресей асырмақ болған күдікті «Орал» шекара отрядының «Сырым-авто» бөлімшесінде қолға түскен. «Орал - Самара» бағытындағы жолаушылар автобусына отырған 49 жастағы өзбек азаматы 148 дана киік мүйізі салынған шабадан өзінікі еместігін айтып, ақталып жатыр. Мамандар дерегінше, бұл контрабандалық тауардың құны шамамен 200 млн теңгеге жуықтайды. Жаңадан кесілген киік мүйіздерінің қай жақтан алынғаны белгісіз. Қазір полиция тергеу амалдарына кірісті.
Болатбек БЕЛГІБЕКОВ, БҚО ПД БАСТЫҒЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Бәйтерек аудандық Приурал полиция бөлімі ҚР ҚК 339 бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Заңсыз киік аулау, жануарлардың мүйіздерін айналымға шығаруға жол бермеу үшін қазір облыс аумағында 1-30 сәуір аралығында «Ақбөкен» профилактикалық алдын алу шарасы өткізілуде.
Айта кетелік, Батыс Қазақстан облысында киікті заңсыз аулаудан мемлекетке 1,1 млрд теңге залал келген. Облыс прокурорының аға көмекшісі Бауыржан Ахметжановтың айтуынша, соның тек 12 млн теңгесі ғана өндіріліпті. Дегенмен браконьерлер пайдаланған 13 автокөлік пен 15 жылжымайтын мүлікке тыйым салынған. Жалпы соңғы екі жылда киікті заңсыз аулағаны үшін істі болған 88 адамның тек жетеуі сотталыпты. Қалғандары жеңіл жазамен құтылған.
Е. Карин