Русский Сайттың толық нұсқасы

Кезектен тыс президент сайлауы 9-маусымда өтеді

  • AstanaTV
  • 13 сәуір 2019
  • 3754

«Мен сайлаудан не күтемін? Сайлаудан кейін бірден жақсы өмір сүріп кетеміз деу ақымақтық. Бірде бір президент кезінде өмір бір сәтте өзгеріп кетпейді. Алайда біз өз өміріміздегі маңызды сабақ пен кезеңнен өтеміз – бірінші рет өз бетімізше жоғарғы билікті ауыстырамыз... Иә, қазіргі сайлау заңын керемет деуге келмес. Бірақ ол өзгермейді деп кім айтты? Қоғамға заң шығару процесіне белсенді араласпауға не кедергі?.. Президенттік амбиция қылмыс деп бағаланбайтын, ал биліктің ауысуы ешкімді қорқытпайтын уақытқа осы өмірімізде жете аламыз – бәрі біздің азаматтық белсенділігіміз бен қоғамның пісіп жетілуіне байланысты».Саясаттанушы Талғат Қалиевтің жазбасынан.  

Сонымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс президент сайлауы туралы шешімге келгенін хабарлап, арнайы жарлыққа қол қойды. Данияр Қайыртай тарқатады.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ: 

Еліміздің Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын 2019 жылдың 9 маусымында өткізу туралы шешім қабылдадым.

Бұл – Тоқаевтың президенттік қызметке кіріскелі телеэфир арқылы жасаған алғашқы үндеуі. Саясаттанушы Айдос Сарым сайлаудың кезектен тыс жариялануына кемінде 4 себеп бар деп жазды әлеуметтік желіде. Біріншісі, геосаясат. Екіншісі, инвестициялық және бизнес климат деді. Ал соңғы екеуінде былай делінген:

Айдос САРЫМ, САЯСАТТАНУШЫ: 

3.Мемлекттік аппараттың бірлігі. Біздің элита күрделі кезеңде жұмыс істей білмейді. Егер өтпелі кезең ұзаққа созылып кетсе, мемлекеттік аппарат пен элитаның жартысы енжар болып қалады...

4.Сайлау бәрін жаңадан бастауға, 2001 жылғы жікке бөлінуді біржола жабуға, партиялық-саяси жүйені жандандыруға берілетін жақсы мүмкіндік. Қазірдің өзінде партиялық амбициясын мәлімдеуге әзір тұрған кемінде 5-6 үміткер бар...

Сайлау жарияланғасын, Орталық сайлау комиссиясы науқанға 12 млрд теңге сұратқан. Қаржы министрлігі сметаны тексеріп, соманы азайтып жатқаны туралы ақпарат бар. Әрі-беріден кейін Үкіметтің резерві де түпсіз емес қой? Мысал үшін айтайық, 2015 жылғы президент сайлауына бар-жоғы 5 млрд-қа жуық қаржы жұмсалыпты.

Сабиля МҰСТАФИНА, ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:

Кандидаттарға бюджеттен бөлінетін ақша олардың теледидар, радио, газеттер арқылы жасалатын мәлімделеріне, кеңселерді жалға алуға, жол шығындарына кетеді. Неше кандидат болатыны әлі белгісіз. Қаржы министрлігіне сметаны жобалап жібердік.

Орталық сайлау комиссиясы ақша сұратып, ғимаратын әрлеп, сәндеп жатқанда, Мемлекет басшысы өңірлерге сапарлап кеткен. Түрлі тартымды мәлімдемелер жасады. Ақтауға барғанында өзінің суреттері бейнеленген билбордтарды орынсыз санайтынын айтты.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ:

Ақтауда менің суретім бейнеленген 14 билборд ілініп тұрғанын естідім. Менің ойымша, бұл - мүлде орынсыз, мен мұндай үгіт-насихатқа мұқтаж емеспін. Мұндай әкімшілік ыждаһаттылық неменеге керек? Билбордтарды Елбасы бас болып, қол жеткізген шынайы жетістіктерімізге арнаған жөн. Мен барлық деңгейдегі әкімдерге осыны тапсырамын.

Ел президенттігін көздеген Экологиялық альянстың президенті Азаматхан Әміртай да өңірлерді аралап, халықпен жиі кездесетінін айтты. Өзі басшылық ететін қоғамдық бірлестік үміткер ретінде ұсынуды жоспарлап отырған көрінеді. Сөзіне сенсек, олар бұл науқанға ертеден қамданған.

Азаматхан ӘМІРТАЙ, «БАЙТАҚ БОЛАШАҚ» ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АЛЬЯНСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

3 жыл бойы жұмыс жасап келе жатырмыз, ауыл-өңірдің бәрін араладық. Көптеген экологиялық жобалар ұсындық. Сол бізбен экологиялық мәселемен байланысқа түскен адамдар автоматты түрде біздің мүшеміз болып табылады. Сондықтан біз үшін осы сайлау күтпеген жағдай болған жоқ.

Қазір елде дауыс беру құқы бар 11 млн 814 мың азамат тіркеулі тұр екен. Кандидат ретінде ұсынылған азамат соның 1 процентінен қол жинауы керек. Ол 120 мыңға жуық шынайы қол деген сөз. Оны мүше саны бұлдыр қоғамдық бірлестік жинай ала ма?

Азаматхан ӘМІРТАЙ, «БАЙТАҚ БОЛАШАҚ» ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АЛЬЯНСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Әрине. Бізге ЦИК қалай рұқсат береді, біз 1 аптаның ішінде жинауға дайынбыз. Өйткені біздің инфрақұрылымымыз бар. Әр жерде өкілдіктеріміз бар.

Ал алдағы екі аптаның ішінде құрылтай өткізіп, өз ішінен үміткер ұсынуды көздеп отырған ақжолдықтар бұрыннан бар бағдарламаларын, жаңартуды ойластырып отыр.

Азат ПЕРУАШЕВ, «АҚ ЖОЛ» ҚДП ТӨРАҒАСЫ:

Біздің бағдарламамыз, бұрынғы бағдарламамыз негізі Парламенттік сайлауға арналған және де біздің бағдарламамызда болған кейбір ұсыныстарымыз қазіргі кезде іске асырылды. Мысалы, біздің ұсынғанымыз мәслихаттық сайлауды да саяси партиялардың тізімімен өткізу. Сондай ұсыныс болған. Оны қазір іске асырылды. Ал қазіргі кезде жаңа бір форматқа, жаңа бір осы дәуірге біз саяси бағдарламамызды қайта қарауымыз керек шығар. Оны да біз съез үстінде және осы сенбі орталық кеңесіміздің отырысының үстінде қарастыруымыз мүмкін.

Таққа таласуға дайын бір адам болса, ол – каратист әрі коммунист Жамбыл Ахметбеков. Бұрынырақ бір сайлауға түсіп, 2 пайызға жуық дауыс жинаған.

Жамбыл АХМЕТБЕКОВ, КОММУНИСТІК ХАЛЫҚ ПАРТИЯСЫ ОРТАЛЫҚ КОМИТЕТІНІҢ ХАТШЫСЫ:

Біздің партияның қатарында 3-4 үміткер бар. Ең бастысы, саяси партия болғаннан кейін партиялық тұғырнаманы, бағдарламаны жүзеге асыра алатын бізге саясаткер қажет. –Сіз қайта шығуыңыз мүмкін бе? –Менің, әрине, тәжірибем бар. Егер де съезде делегаттар осы сіздің қазіргі мүмкіншілігіңіз бар десе, онда мен қарсы тұруға, не болмаса одан бас тартуға құқым жоқ. Өйткені біз саяси партия болғаннан кейін әрқашанда дайын болуға тиіспіз.

Сөзсіз бір емес, бірнеше үміткер ұсына алатын бір партия бар елде. Аты мен затын аңғарып отырсыз. Соңғы үш айда кезектен тыс, мерзімінен бұрын деген тіркестерден жалықсаңыз да айтайық, олар сәуірдің 23-інде тағы да кезектен тыс съез өткізіп, кандидатын ұсынады. Оны өткенде саяси ұйымның төрағасы тапсырған.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Біздің елдің жаңа басшылығына барынша көмектесуіміз керек. Өйткені мен үшін билік сабақтастығын жалғастыру өте маңызды. Көп ойланып шешкен мәселе. Сайлау науқанына кірер кезде партияға ең үлкен жүк түседі. Біз съез өткіземіз, өзіміздің кандидатымызды ұсынамыз сол жерде.

Бұл сайлаудың бұрынғыларынан өзгерек болатынын меңзегені ме екен, мемлекет басшысы үндеуінде былай деген:

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстан – демократиялық мемлекет. Президент халықтың таңдауымен сайланады. Мен, Мемлекет басшысы ретінде, сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беремін! Бұл – менің берік ұстанымым!

Тоқаевтың берік ұстанымына бәрінен бұрын Азат Перуашев қуанды. Ол парламенттік сайлаулардағы әділетсіздіктерді мысалға келтірді.

Азат ПЕРУАШЕВ, «АҚ ЖОЛ» ҚДП ТӨРАҒАСЫ:

Біздің үміткерлерімізді кейбір кезде тіпті екі-үш күн сайлауға дейін, дауыс беруге қалған кезде бірден 100-ге шақты «Ақ жол» үміткерлері салық декларацияның ішіндегі 20 тг, 40 тг, 250 тг айырмашылығы үшін сайлаудан алып тастаған. Яғни билік түрлі жолдармен оған ыңғайсыз үміткерлерді сайлау үдерісінен алып тастады.

Ықтимал президенттерді емес, ықтимал үміткерлерді сөйлетіп шықтық қой. Біз сұхбаттаспаған партия жетекшілері де бар. Оның үстіне 28-не дейін әлі уақыт жетеді. Талайының есімін ести жатармыз.

Данияр Қайыртай «Біздің уақыт»