Түн ұйқысынан айырылған алматылықтар арнамызға арызданды. Көпқабатты үйде тұратындар бірінші қабаттағы мейрамхана қызметіне наразы. Олар кеш қарайса, музыка даңғыры үдеп, үйге қорқор мен темекі иісі жайылатынын айтады. Тіпті, жақында тәртіп сақшыларына да арызданған. Мәселе қалай шешілді? Олжас Нұржақып анықтады.
Гүлжәнет Уәлиханова мейрамхана қызметімен бір жылдан аса алысып келеді. Бармаған жері, қақпаған есігі қалмапты. Ендігі бар үміті әкімде. Осы аптада қабылдауында жазылыпты.
Гүлжанет УӘЛИХАНОВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Бір жылдан артық солармен күресіп жатырмыз. Қайда ғана жазбаймыз, СЭС, прокуратура, әкімге жазылдық. Байбекке барамыз. Әншейін есік-терезені аша алмаймыз. Бізді тұншықтырып өлтіретін болды бұлар. Олар түнгі 3-ке дейін істейді. Екі жақтан екі ресторан, мұнда ешқандай техникалық ерекшелік жоқ. Звукаизоляция жоқ. Музыкаларын қойса полицейлерді шақыртып зорға қойдырамыз.
Тұрғындардың айтуынша, бұрындары бірінші қабатта балалар дүкені болған. 2011 жылы белгісіз біреулер тұтас сатып алып мейрамхана қылады. Арыз бен қарсылықтан көңіл көтеру орны жабылады. Бірақ араға біраз жыл салып, қайта ашылған.
Илья КРАСИКОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Тұрғын үйіміздің бірінші қабатындағы мына тұста ашық түрде қорқор көмірін жағады. Одан шыққан түтіннің иісі тікелей төбедегі пәтерлерге жайылады емес пе. Ал мұнда тұратын тұрғындардың басым бөлігі сол иістен әбден уланып шаршаған. Тіпті, күндердің күні улы газдан ұйқыдан тұрмай қалуымызға кім кепіл.
Дей тұрғанымен, мейрамхана өкілі тұрғындар шағымын жоққа шығарып отыр.
Жазгүл, МЕЙРАМХАНА ӨКІЛІ:
Біз музыка дыбысын сағат тілі 23-00-ді соғысымен баяулатамыз. Өйткені мұнда патрульдік полиция жиі жүреді. Оның үстіне көңіл көтеретін орнымызда түтінге арналған арнайы орын да бар. Бізде бәрі заң шеңберінде.
Ал полиция департаментіндегілер тұрғындар арызы түскен күні мейрамхана әкімшілігіне 75 мың теңге көлемінде айыппұл салыпты.
Салтанат ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
АЕК ретінде айыппұл тақты. Осы келіссөздердің нәтижесінде кафетерий иесі осы олқылықтарды жоюға уәде еткен. Бірінші темекі шегудің арнайы орнын бекітіп беремін деп уәде етті. Екіншіден түнгі уақытта әнне басқа да құрылғыларды қатты қоймаймын деп уәде етті. Сонан соң өзінің кафесіне тиесілі аймақты толығымен бейнекамералармен жабдықтаймын деп уәде еткен болатын.
Бір ай ішінде берілген уәде орындалмаса, айыппұл мөлшері 2-3 есеге ұлғая түспек.
Олжас НҰРЖАҚЫП, ТІЛШІ:
Жалпы жыл басынан бері мегополисте дәл осындай түн тыныштығын бұзған 1200-ден аса факт тіркелген. Бірақ тәртіп бұзушылық екі санатта жіктелетін көрінеді. Егер жеке тұлға болса 5 айлық есептік көрсеткіш ретінде айыппұл салынса, заңды тұлғаға бұл жаза 2-3 есеге көп.
О. Нұржақып