Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда азық-түлік бағасын тұрақтандыру шаралары қолға алынған

  • AstanaTV
  • 30 қазан 2017
  • 2535

Ал Қызылжарда азық-түлік бағасын тұрақтандыру шаралары қолға алынған. Жергілікті билік өкілдері кәсіпорындардың басын қосып, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін ұйымдастырды. Саудаға қойылған өнімдердің 900 тоннаға жуығы бірнеше сағаттың ішінде сатылып кетті. Себебі құны нарықтағы бағадан шамамен жиырма пайызға арзан. 

Ет, көкөніс, сүт өнімдері мен бал, көкөніс пен жемістер. Жәрмеңкеде тауардың бас-аяғы жүзден астам түрі сатылды. Облыстың түкпір-түкпірінен ат арытып келген шаруашылық өкілдерінің бұл шараға қызу дайындалғаны байқалады. Сауда шатырлары бүтін бір көшеге жайылғанымен, орын аздық етсе керек. Ұтымды бағаны көріп осылай ағылған жұрттың қарасы қалың 

Жылқы етінен алдым 1400, сиыр еті 1200, сосын сары майдан алдым 1600. Базарға қарағанда арзанырақ.

Жақсы бал алдым. Бал тамаша енді. Иісі де оңды. Омарташы барлығын салып берді. Ал басқа картоп, нелер - бәрі арзан оңды енді.

Ауылшаруашылығы жәрмеңкесін ұйымдастыру - азық құнының шарықтауына жол бермеудің бірден бір амалы, - дейді жергілікті атқамінерлер. Бүгінде бағаны ауыздықтаудың тағы бір жобасы қолға алынған. Яғни тұрақтандыру қорын жоғары сұранысқа ие көкөністермен қамту көзделіп отыр.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Бағаларды тұрақтандыру мақсатында «Солтүстік» корпорациясы 800 тонна картоп, әрбір ауданда 100 тонна картоп сақталынуда. Қажет болған кезде бір картопты базарларға шығарып, сататын боламыз. Және көкөністерден пияз, сәбіз сияқтылары 100 тоннадан алынды.

Тұрақтандыру қорындағы өнімдер нарыққа әдетте қыстың аяғына қарай шығарылады. Себебі, қалыптасқан жүйеге сәйкес, көкөністердің құны дәл осы кезде аспандай түседі. Қызылжарда ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін апта сайын өткізу жоспарланып отыр.

А.Құрманкин