Солтүстік Қазақстандағы Ленинский ауылының жұртшылығы жайылымдық жерлердің тапшылығына шағымданады. Айтуынша, жергілікті әкімдік ауыл маңайындағы жерге карантин жариялап, қарашаға малын бағуға тиым салған. Енді бұқара төрт түлікке өріс таба алмай, әуре сарсаңға түсті. Ауыл тұрғындарының мұңын аймақтағы тілшіміз тыңдап қайтты.
Жиырма жылдан бері мал шаруашылығымен айналысып келе жатқан Алексей Гроттеның бүгінде сегіз бас сиыр мен жылқысы, 20 шақты қойы бар. Қар еріп, күн жылынғанымен шаруа иесі төрт түлігін өріске жая алмай отыр. Себебі, ауыл маңайында жайылымдық жерлер тапшы деп отыр.
Алексей ГРОТТЕ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
Кеңес одағы кезінде ауыл малына арналып «костер» дейтін жайылымдық жер бөлінді. Біз ірі қараны ылғи сол жерде бағатынбыз. Қазір карантинді аумаққа байланысты малды ол жерге жіберуге болмайды екен. Егер осылай жалғаса берсе, сиырлардың қорадан шықпайтын түрі бар. Бұл шөпке кететін шығынның көбеюіне және сүттің сапасына әсер етеді, әрине.
Аққайың ауданына тиесілі Ленинский ауылында 220 бас ірі қара бар. Тұрғындардың айтуынша, өткен аптада болған жиналыста жергілікті билік жақын маңайдағы жайылымдық жерлерге карантин жариялаған. Себебі осындағы ірі мал шаруашылығы шетелден асыл тұқымды сиырлар әкелген. Осыған байланысты ауыл атқамінері бұқараның қорасындағы ірі қараны шалғайда жатқан өріске жібермек болған көрінеді.
Ғабдуәхит МАХМЕТОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
Селолық әкім айтты, карантинді зона болады деді. Мына жерде бағуға болмайды. Төрт-бес шақырым жерге малымызды айдау керекпіз. Ол сиырлар сосын сүт бере ме? Әзірге малымызды бұрынғы өріске шығарып жатырмыз. Егер тиым салынса, онда малымыздың қайда бағылатыны белгісіз.
Ауыл жұртшылығының бұл жолғы жиналысында жергілікті әкім төбе көрсетпеді. Көмекшілері оның денсаулығына байланысты уақытша демалысқа шығып кеткенін айтып ақталды. Ал бізге телефон арқылы жауап берген аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы «ауыл жұртынан жерді ешкім тартып алмайды» деп сендірді.
Оралбек ӘУБӘКІРОВ, СҚО АҚҚАЙЫҢ АУДАНЫ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Карантин ол жерде жоқ. Тұрғындарға қанша жер берілді, сол жерде баға береді. 2200 гектар жайылымдық жер бар. Ол жерден ешкім қуып жатқан жоқ.
Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:
Аудандық билік уәдесіне сенген жұрт енді сәуірдің 25-нен бастап малды өріске шығармақ. Ал жергілікті атқамінерлер болса, жайылымдық жерлерді тіпті ұлғайтуға дайын екендерін жеткізді. Мал басы өсетін жағдайда, әрбір сиыр-бұқаға 5 гектар, ал жылқыларға 7 гектардан бөлінбек.
А.Құрманкин