Русский Сайттың толық нұсқасы

Қорқор тартылатын көңіл көтеру орындарын тексеруге мараторий жариялау керек- В. Нұрпейісова

  • AstanaTV
  • 17 сәуір 2019
  • 4557

Қорқор тартылатын көңіл көтеру орындарын тексеруге мараторий жариялау керек. Бүгін Қазақстан рестораторлар клубының президенті осындай ұсыныс айтты. Кәсіпкерлер соңғы кезде жиілеп кеткен полиция тексерісіне наразы. Ал мамандар қорқорды қоғамдық орындарда тартуға тыйым салынғанына қарамастан, кәсіпкерлер оны айналып өткісі келеді деп отыр. Данияр Қайыртай толықтырады.  

Бекболат НҰРЖАНОВ, КӘСІПКЕР: 

Кейінгі кездері тексерумен жиі келетін болды. Темекі тартуға тыйым салу туралы Заң бар да, онда қорқор туралы нақты түсінік жоқ.

Астаналық кәсіпкер Бекболат Нұржанов полицейлер рейд кезінде қорқордың құрамында темекі бар-жоғына қарамастан айыппұл салады дейді. Ал оның хука-барында жеміс ағаштарының жапырақтарынан жасалған қорқор сатылады екен. Егер оны мүлде шектесек, жастар ішімдікке салынады деген пікірде ресторатор. Ал әдетте кәсіпкерлердің мүддесін қорғайтын палата, бұл жолы оларды «заңды түсінбейді» деп кінәлап отыр. 

Ирак ЕЛЕКЕЕВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ЖӘНЕ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: 

Кальян дегендер пайда болды. Бұның барлығын біздің кәсіпкерлер түсінбейтін секілді. Кезінде Бас прокурордың қаулысы болды, бұның барлығы темекіге жатады деген. Ал темекіге жататын болса, арнайы бір бөлмелер болуы керек. Соның ішінде темекінің исін шығаратын вентиляторлар болуы керек.

Кәсіпкерлер темекісі бар қорқорды тартушылар үшін жеке бөлме жасаудан қашпайды. Тек ол жұмыстар үшін уақыт берілгенін қалайды. Кенеттен келетін тексерістерге мораторий жариялауды сұрап отыр. 

Вероника НҰРПЕЙІСОВА, ҚАЗАҚСТАН РЕСТОРАТОРЛАР КЛУБЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:  

Демалыс орындарында шылым шегу аймақтарын жабдықтауға уақыт керек. Сондықтан біз полиция қызметін рейдтерге уақытша мораторий жасауын сұраймыз. Ал мораторийден кейін тексеру іс-шараларын этикаға сай, қонақтарға қолайсыздық тудырмай, алдын ала ескертіп жасауын сұраймыз.

Вероника Нұрпейсова Ресейдің тәжірибесіне сүйеніп, қорқордың қоспасын заң жүзінде екі түрге бөлуді ұсынады. Сонда құрамында темекісі жоқ қорқорды сататындар үшін арнайы бөлме жабдықтауға шығындалудың қажеті болмайды деп отыр. Ал заңгер Жандос Тұяқов бұл пікірге қарсы.  

Жандос ТҰЯҚОВ, ЗАҢГЕР: 

Заңнаманың кальян қоғамдық жерде шегуге тыйым салғанымен, демалыс орындарының иелері осыны айналып өтіп жатады. Жаңағы айтқандай құрамында табак бар, табак жоқ деген сияқты. Бірақ та бұның ара жігін ашып, заңнамаға өзгеріс енгізсек, қадағалау органы үшін оны жүзеге асыру, яғни, қадағалау көптеген қиындық туғызады.

Қоғамдық орындарда темекі бұйымдарын шегуге 2015 жылдан бері Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексінің 441 бабы бойынша тыйым салынған. Оның негізінде қорқор тартқан адамға 3 айлық есептік көрсеткіште, ал шылым шегуге арналған арнайы бөлме ұсынбаған мекеме иелеріне 10-нан 40 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің дерегінше, жыл басынан бері 90-ға жуық демалыс орнының әкімшісі және 3 жарым мың жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 

Д. Қайыртай