Русский Сайттың толық нұсқасы

«ҚазАгро» холдингі агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыруды азайтуы керек - Р.Құрманов

  • AstanaTV
  • 18 сәуір 2019
  • 4554

Банктер агроөнеркәсіп кешенін несиелендіруді соңғы жылдары 4 есеге азайтқан. Бұл туралы бүгін мәжілісте өткен дөңгелек үстелде Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов айтты. Бұрын несие көлемі 448 млрд теңге болса, қазір 112 млрд теңгеге дейін төмендепті. Ал «ҚазАгро» холдингінің несие беретін еншілес компаниялары керісінше несие көлемін ұлғайтқан. Вице-министр саладағы осы проблеманы шешу үшін банктерге қолайлы жағдай жасалып, ұлттық холдинг агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыруды біртіндеп азайтуға тиіс деп отыр. Айтуынша, бұл компания екінші деңгейлі банктерді, несиелендіру серіктестіктері мен микрокредиттік ұйымдарды қорландыруға көшуі керек. Қазірдің өзінде «ҚазАгро» бөлген 400 млрд теңгенің 33 пайызы шаруалардың қолына түрлі жеке несие беру ұйымдары арқылы жеткен.  

Рүстем ҚҰРМАНОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

«ҚазАгро» холдингі агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыруды азайтуы керек. Бұл осы саланы дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламада қарастырылған. Яғни, холдинг тікелей несиелендіруден, жеке несие беру ұйымдарын қорландыру жүйесіне кезең-кезеңмен көшеді. Осылайша шаруалардың көп бөлігінің қаржы алуға мүмкіндігі туады.

Рүстем Құрмановтың сөзінше, агроөнеркәсіп кешенін қаржыландырудағы ендігі мәселе - шаруаларда өтімді кепілзаттың тапшылығы. Бірақ оған қарамастан қожалықтарға несие беруді тоқтатпау керек. Сондықтан вексельге ұқсас жаңа қаржы құралын енгізу қарастырылып отырған көрінеді. Ол - аграрлық электронды қолхат. Несие алған шаруа сол электронды міндеттеменің негізінде қарызын не ақшалай, не ауыл шаруашылығы өнімін жеткізу арқылы жабады. Бұған қатысты заң жобасы жыл соңына дейіне қабылдануы мүмкін. Мұндай тәжірибе Бразилия мен Украинада бар. 

Д. Қайыртай