Русский Сайттың толық нұсқасы

«Happy cake» кондитерлігінен ішек таяқшалары анықталып, 3 жұмысшыдан стафилококк табылды - С. Байғабылов

  • AstanaTV
  • 19 сәуір 2019
  • 4106

«Happy cake» кондитерлік цехынан инфекциялық ішек таяқшалары анықталып, 3 жұмысшыдан стафилококк табылды. Бұл туралы Қаланың бас санитарлық дәрігері Сәдуақас Байғабылов мәлімдеді. Тәтті пісіретін цех екі жарым жыл көлемінде рұқсат қағаздары болмаса да жұмыс істеп келген. Зертханалық сараптама қортындысы бойынша кәсіпорын бірқатар санитарлық талаптарды өрескел бұзып, тұтынушыларға қызмет көрсетіп келген.  

Сәдуақас БАЙҒАБЫЛОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: 

«Happy cake» кондитерлік цехындағы шаруашылық құрал-саймандардан ішек таяқшалары табылды. Үш жұмысшыдан стафилококк анықталды, оның екеуі кондитер. Жалпы цехтың жұмысы ешбір санитарлық талаптарға сәйкес келмейді. Зерттеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Қазір олар жұмыс істеп тұр. Цехтың жабылуы жайлы шешімді тек сот қабылдайды. Ал, біз аталған кондитерліктің басшысымен кездесіп, санитарлық талаптардың дұрыс орындалуы жайлы кеңес беріп, бизнестің ары қарай дамуына ықпал етуге дайынбыз.  

«Happy cake» кондитерлік басшылары арнамызға сұхбат беруден бас тартты. Олар зертханалық зерттеулер қортындысын әлі алмадық деп отыр. Ал, бүгін торттан тағы үш адамның уланғаны белгілі болды. Осылайша бір аптада 13 адам ұшынып отыр. Арасында үш бала бар. Сегізі жұқпалы аурулар ауруханасында жатыр. Ақ халаттылар науқастардың жағдайы бірқалыпты деп отыр.   

Гүлмира СІЛЕУСІН, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАЛЫҚ ЖҰҚПАЛЫ АУРУЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ ДӘРІГЕР-ТЕРАПЕВТІ: 

Қазіргі таңда Астана қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жедел ішек инфекциясы диагнозымен 8 науқас келіп түсті. Түскен кездегі жағдайлары интоксикация, диарея синдромдарына байланысты орта ауырлық дәрежеде болды. Ауруханаға түскен кезден бері науқастар тиісті емдер қабылдап жатыр. Бүгінгі күнде жағдайлары тұрақты.

Н. Біләл