Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда қоғам белсенділері көз жанарынан айырылған қарияның бостандығы үшін күресіп жүр

  • AstanaTV
  • 19 сәуір 2019
  • 3406

Алматыда қоғам белсенділері көз жанарынан айырылған қарияның бостандығы үшін күресіп жүр. Жетпісті алқымдаған Мұрат Қуатбаев өз бауырын өлтірді деген күдікпен бір жарым жылдан бері жазасын өтеп келеді. Қорғаушылар зағипке арнайы көмекші бөлмеген, қажетті ем-дом көрсетілмеген деп отыр. Олжас Нұржақып толықтырсын.  

70-ті алқымдаған ақсақалды темір торға жабу туралы үкім осыдан бір жарым жыл бұрын шыққан. Ол өз бауырын өлтірді деп айыпталған. Зейнеткер сотта да айыппен келіспеген. Туыстары да мүгедек жанның қылмыс жасағанына сенбейді.  

Диана ИАБАЕВА, М.ҚУАТБАЕВТЫҢ ТУЫСЫ: 

Атамыздың мұндай қылмысқа баруы мүмкін емес. Оның үстіне сол жылдары көзі де дұрыс көрмейтін. Тек адамның қарайған сұлбасын ғана байқайтын.

Жадыра ҚУАТБАЕВА, М.ҚУАТБАЕВТЫҢ ҚАРЫНДАСЫ: 

Қан қысымы бар, ол соқыр адамға тіпті ауыр. Ал, түрмеде соған сай дәрі-дәрмек те жоқ. Мен апта сайын барамын хәлін білуге. Өзім апарамын сол дәрілерін. Қан қысымы 280-де 140. Кез-келген уақытта жоғалтып алуым мүмкін ғой. Сондықтан, мен оның өміріне алаңдаймын.

Қарияға арнайы көмекші де бөлінбеген. Мәселеге қоғам белсенділері де араласқан. Олардың пайымынша соқыр адам жазасын үй қамақта да өтей алады.   

Константин ГУДАУСКАС, ҚР ҚАМАУҒА АЛЫНҒАНДАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ БОЙЫНША КОАЛИЦИЯ ТӨРАҒАСЫ: 

Мұрат Қуатбаевтың қазіргі жағдайы, денсаулығы ІІМ бекіткен 530-шы бұйрыққа толықтай сай келіп тұр, яғни мұндай жағдаймен ол жазасын үй қамақта отырып өтеуі тиіс. Бірақ, түзеу мекемесі бұл талапты орындамай отыр. Жазасын өтеуші жайлы ақпаратты сотқа бермеген, ал біздің шағымымызға құлақ асар емес.

Ал, телефон арқылы сұқбат берген түзеу мекемесінің мамандары сот үкімі шықпай тұрып сотталушының көзі көретін деп отыр.  

Сәбира МЫҢБАЕВА, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ТҮЗЕУ МЕКЕМЕСІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ТӘРБИЕ ЖҰМЫСЫ БОЙЫНША БАС МАМАНЫ: 

Бірнеше рет медициналық тексеруге шығарылып, қазіргі уақытта медициналық тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Басқа да мамандардың шақырылуымен ІІМ 530-бұйрығына +сәйкес келмейді. Яғни, егер ол бізге келгеннен кейін көзі көрмей қалған жағдайда онда өзінің денсаулық жағдайына байланысты сот үкімімен бостандыққа шығуға мүмкін болар еді.

Олжас НҰРЖАҚЫП, ТІЛШІ: 

Сот үкімі бойынша 70-тегі қария түрмеде әлі 4 жарым жыл отыруы тиіс. Алайда жарымжан сотталушының туыстары оны ақтап алу үшін енді сотқа шағымданбақшы.

О. Нұржақып