Русский Сайттың толық нұсқасы

«Юлдашың қазақ болса, иолыңнан адашпайсың». Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ташкент сапары туралы

  • AstanaTV
  • 20 сәуір 2019
  • 4356

 -Сах¬наның еркесі де, сәні де Шара! Оның сезім сергітетін шын¬шыл өнері мен қайталанбас із¬таң¬басы мейлінше жар¬қырап көрін¬ді. Бұл – талант иесінің туған хал¬қына қалтқысыз қызмет етуінің тамаша үлгісі», (5 шілде, 1983 ж.) – деген екен Ғабит Мүсірепов. Әркімнің тәнті болатын өнер иелері болады ғой, мысалы, мен үшін Шара Жиенқұлова сондай жан. Оның «Өмірім менің - өнерім» кітабын кино көргендей бірнеше рет оқығам... Сонда 20 ғасырдағы қазақ өнері туралы талай тамаша деректерде өзбек халқының өнер тарландары жайлы аз-кем айтылады. Болашақ өзбек келінін «Өзің сияқты хас сұлу» деген бұрынғы ері Құрманбек Жандарбековке «сұлулықтан көргенім шамалы» деген сипатта қайтарған жауабы сол уақыттың нағыз таланттарының болмысын көрсеткендей ме... Жә, бұл лирикалық шегіністі не үшін жасап тұрмын? Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға мемлекеттік сапары «екінші президенттердің алғашқы кездесуі» деген тақырыпты ғана ашпайды. Еліміздің өнер шеберлерінің концертінде Димаш Құдайбергеннің залды толқытып, тебіренткені туысқан халықтардың бір-біріне керек, көп тірліктің бір-бірінсіз шешілмейтінін түсінген пайымның енді жоғалмайтынына нұсқағандай. Абай Сейфулланың материалы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ташкентке келместен бірнеше күн бұрын-ақ өз ағамыз дайындықты бастап кетіпті. Көшелердегі қос елдің туы, ағайындықты айқындайтын сөздері бар билбордтар, «Көксарайдан» көшелерге дейінгі «тынымсыздық» көңілге жылу сыйлайды. Қала жұрты да бәрінен алдын-ала хабардар.

Ташкент қаласының тұрғыны:

Мы верим, вот, жители Узбекистана, что все еще впереди. Очень многое уже было сделано в годы независимости, начиная с 1991 года. Мы уверены в том, что это только будет набирать обороты. Солидная база уже создана.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы мемлекеттік сапарын Өзбекстанға жасағанының символдық мәні ерекше екенін екі тарап та ерекше атап өтті. Кеңейтілген, жеке кездесулерде нәтижелі келісімдер жасалды. Келер жылы өзара тауар айналымы 2,5 миллиард доллардан 5 миллиард долларға жетпек. Қытай-қазақ шекарасындағы «Қорғас» базары сияқты Өзбекстанмен де бірлескен халықаралық сауда-экономикалық орталығы салынатын болды. Бірлескен өндіріс орындарын едәуір көбейтуге уағда жасалды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бауырлас, тату, көрші және стратегиялық серіктесіміз Өзбекстанға жасалған осы сапардың маңызы зор, мәні терең деп білемін. Қазақта «Өзбек – өз ағам» деген сөз бар. Өзбек елінде «Юлдашың қазақ болса, иолыңнан адашпайсың» дейді. Бұл нақыл сөз халықтарымыздың бір-біріне деген сенімін, бауырластығын, шынайы сезімі мен кеңпейілдігін айқын көрсетеді.

Мирзиеевтің Өзбекстан билігіне келгелі бері экономикадағы либералды саясатын жариялағанын жақын көрші – біздер ғана емес, әлем біле бастады. 2019 жылды тіпті ол активті инвестиция мен әлеуметтік даму жылы деп жариялады. Азаматтарының табысын былтыр 12 пайызға арттырған. Ашық экономикасы сәтті жүзеге асса көршіміз көп салада Орта Азиядағы үздіктің біріне айналады, тіпті біразының алдын орап кетеді деген болжам да бар. Қанша дегенмен де Мирзиеев сыртқы саясатындағы негізі досының Қазақстан екенін қадап айтты.

Шавкат МИРЗИЕЕВ, ӨЗБЕКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстанмен барлық саладағы достық ниеттегі байланысымыз Өзбекстанның сыртқы саясатының ең басым тұстарының бірі екенін айтқым келеді. Бүгінгі кездесуіміз ашықтық пен толық түсіністік шеңберінде өтті. Ұзақ мерзімдік стратегиялық байланыстың барлық қырын талқыладық. Аймақтық, халықаралық мәселелерде келісімге келдік. Бірге жаңа қауіптердің алдын алу шараларын қарастырдық.

Экономикада барынша ашық дегенмен Ташкент көшелерінде әлі шетелдік көлік аз. Өздерінде құрастырылатын Нексиа, Шевроледен басқаларын жүргізуге, қымбат салық төлеп кіргізуге өзбектер құлықты емес. Оны қойыңыз, Қостанайда өзбекстандық инвесторлармен бірлесіп, Ravon Nexia –ны біз де құрастыра бастадық. Қазір Қазақстанда көршіміздің бізбен бірге ашқан 1400 өндіріс орны жұмыс істейді. Ал Нексиа мінген «әкалар» қазіргі өмірлеріне риза.

- Все изменился, что есть все изменился.

-Жить стало лучше?

-Да, жить лучше стался, оборот лучше..... Спасибо Президенту, как работает, как идет...

Мемлекеттік сапардың мәнін арттыратын экономикалық-сауда байланысы ғана емес. Қазақстанның Өзбекстандағы жылының ашылуы. Ташкент жұртына «Ұлы дала тарихы мен мәдениеті» көрмесінің ұсынылуы. Ең құнды жәдігеріміз – «Алтын адамды» да солардың музейіне апарып қою – мәдени сабақтастық пен сенімнің биік көрсеткіші деп бағалауға лайық. Ал әлем таныған Димашқа ташкендіктер ыстық ілтипат танытты. Қазақ өнеріне деген кіршіксіз, қызғанышсыз махаббатарын көрсетті. Дінішевтен бастап, Димашқа дейін Ташкент аспанында ән әуелеткенде Президент қалай мақтанбасын...

Абай СЕЙФУЛЛА, ТІЛШІ:

Екі ұлтты ортақ тарих байланыстыратынын айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиеевті де Қазақстанға шақырды. Өзбекстан басшысының ол сапарында бүгінгі келісімдер бойынша жасалған жол картасының қорытындысы талқыланбақ. Ал Қазақстанның Өзбекстандағы жылының жариялануы рухани-мәдени байланысты одан әрі нығайта түседі. Бірлескен мәлімдеме жасағанда Қасым-Жомарт Тоқаев Ташкенттің өзіне де, делегация мүшелеріне де үлкен әсер қалдырғанын айтып еді. Расымен жасыл қала өте таза. Бұл – тәртіптің арқасында қол жеткізілген нәтиже болса керек.

Абай Сейфулла «Біздің уақыт»