Русский Сайттың толық нұсқасы

«Вообще білген жоқпын». Өгей шешеден азап көрген қыздардың әкесі ешнәрсені сезбепті...

  • AstanaTV
  • 20 сәуір 2019
  • 5960

Жетісайда өгей шешесі азаптаған қыздардың әкесі ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін деп хабарлады Тенгриньюс порталы Білім және ғылым министрлігіне сілтеме жасап. 3 қыздың 15-гі үлкені болса, әкелерін жақсы көретіндерін, сондықтан оған ешнәрсе білдіртпегендерін айтыпты. Туған шешелері осыдан бірнеше жыл бұрын кетіп қалғаннан кейін инсульт алғанын, мына жағдайдан кейін қайтадан ауырып қалмағанын қалайтындарын жеткізген. Сонда әкелері түк те сезбеген, ешнәрсені байқамаған ба?

Қыздар ауруханадан шыққаннан кейін арнайы комиссияның шешімімен әжелерінің қасына барады. Әжесі басқа ұлының қолында тұрады екен.  

Әлгі азаптаушы әйелдің қыздарға арналған азаптау дәптерін көргенде мына келіншек қандай отбасынан шыққан, кім тәрбиелеген, не көрген? - деген секілді сұрақтар туады. Азап көрген қыздардың жан жарасы жазыла ма? Ал әйелден туған жазықсыз ұл қалай өседі, кім болып өседі? Осы тектес жантүршігерлік оқиғаларды күн тәртібінен әлгінде айтқан «бай болу үшін не істеу керек?» деген сауалдарды шығарып, тәрбие берудегі үңірейіп тұрған «апандар» сияқты мағынасы бар тақырыптарға ауысатын уақыт туғаны үшін де береміз. Қыздардың анасын тауып сөйлескен Айзада Төребекқызы жалғастырады.

Мына тыртықтың бәрі плоскогубцымен қысқан...сөйтіп мыналардың бәрі плоскогубцы... кейін арт жаққа мына жерлерге пышақ тығып алған... 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:  

Кішкентай қыздың денесінің сау жері жоқ. Алақанынан бастап, башпайына дейін жараның ізі. Көгермеген жері қалмаған. Әлеуметтік желіге тарап, дүйім жұрттың жағасын ұстатқан бұл бейнежазбаны жасөспірімдердің туысы жариялаған екен. Еріккеннен емес, әрине... 

Мұндай озбырлыққа бір үйдің тағы екі қызы көндігіп келіпті. Апалы-сіңлілерді өгей аналары қинап келген. Қыздардың өз анасы 2012 жылы кетіп қалған. Бұл сұмдықтың беті тек сынып жетекшісінің араласуымен өткен сәрсенбіде ашылды. 9-сыныптың оқушысы жыртылған ерні мен көгерген бетін көрсетпеу үшін сабаққа медициналық маска киіп келіпті. Мұғалім бекер сезіктенбепті. Алайда шәкірті бастапқыда «құлап қалдым» деп жалтарған. Комиссияның араласуымен шұғыл әжелерінің қамқорлығына берілген қыздар қорқа-қорқа шындықты айтып берді. Әуелі шапалақтан басталған азаптау күн өткен сайын үдей түсіпті. 

Жәбірленуші: 

Менің аяғымды күйдірді печканың үстіне отырғызып қойып. Сөйтіп кейін жуынды берді, сосын шәйға «барфты» қосып соны араластырып берді. Кейін темірмен ұрды аяғыма.

Жәбірленуші

Шашлыктың палочкасы бар ғой, соны басыма, арқама, мына жерлердің бәрін сонымен тесіп тастады. Аяғыма елу реттен плоскогубцымен ұрды. Аяғымды ыстық сумен күйдірді. Қолымның бәріне ыстық су шашты.

Жәбірленуші: 

Саныма пышақ тықты. Кейін басымды дуалға ұрды. Сөйтіп шашымнан ұстап алып сүйреді. Шашымның бәрін қырқып тастады.

Мұндай азаптау жылдар бойы жалғасқан көрінеді. Ал үй ішінен табылған мына дәптердегі жазбалар жаға ұстатады. Мұнда жаза мен дүре тізбектеліпті.  

Тек қыздар туған аналарымен ажырасқаннан соң инсульт алған әкесі тағы сырқаттанып қала ма деген үреймен бұл зомбылыққа төзіп келгендерін айтады.

Азаптау процесін туысы көрсетіп жүр. 

Мына тоңазытқыштың ішіне кіргізіп жарты сағат отырғызған. Негізі бір күн отырасың деген, жарты сағат отырғасын шыдай алмай өзі шығып кеткен үлкен қыз. Әкесінің жұмысқа кеткеніне көз жеткізіп алып сосын сондай әрекетке көшеді ғой... Газдың қасында тұрып қыздырып, шөмішті қолына басады. Дуалдарға ұшына ұрады бастарын, санайды оны да...

Айтуға ауыз бармайтын азаптау процесін жүргізген 28 жастағы келіншек. Ол үш қыздың әкесінің екінші некедегі әйелі. Қосылғандарына 3 жыл. Тек мына сұмдықты 35 жастағы Нұрмұхамед Қойымбетов "білгенім жоқ" деп отыр. Ал бар шындық ашылғаннан соң келіншегі мұндай сорақылыққа «қызғаныштан» бардым деп ақталған көрінеді. 

Нұрмахамед ҚОЙЫМБЕТОВ, ҚЫЗДАРДЫҢ ӘКЕСІ:   

Мен ол оқиғаны шынымен білген жоқпын. Азанда кетем, кешке келем, жұмысымды істеп жүргенмін. Маған да айтпаған. Мен қанша рет қыздарымды құшақтадым: - Доча, айтыңдаршы, қалай бәрі тыныш па, бәрі жақсы ма?- деймін. - Папа, бізде бәрі жақсы,- дейді. - Жеткілікті ме?- деймін, -иә, жеткілікті бізге,- дейді. Маған вообще білдіртпеді. Маған білдіртсе, бұндай жағдайға алып келмеймін мен... 

Ал қыздардың анасы бұрынғы күйеуінің мына жағдайдан бейхабар болғанына сенбейді.  

Қыздардың анасы:  

Мен сенбеймін ол нәрсеге. Қалайша көрмейді ол? Бір күнде болған нәрсе емес қой ол. Постоянно сөйтіп істеп келген... Менімен тұрып жүрген кезде тырнақтың астынан кір іздеп, тіпті қыздардың тырнағы сәл өссе: «Неғып тырнағын алмағансың?!»-деп жанжал шығаратын адам, ол сондай нәрсені қалай көрмейді ол? Мүмкін емес ол.  

35 жастағы келінше сұқбат беруге келіскенмен, бет-жүзін көрсетпеуімізді сұрады. Айтуынша, қыздарының әкесімен 17 жасында сүйіп қосылған. Тек үш жылдан соң намазға жығылғаннан кейін күрт өзгерді дейді. Күйеуінен көрген қорлыққа шыдай алмай, кезекті жанжалдан соң қашып кетуге мәжбүр болған көрінеді. Перзенттерімен тек сырттай жолығып жүріпті. Бірақ соңғы екі жылда күйеуі мүлдем тыйым салған.  

Қыздардың анасы:  

Сөйлескенбіз жылына екі үш мәрте. Мен қыздарды сұрап тұратынмын, еш болмаса маған суреттерін жіберіп тұршы өзіме көрсетпесең де деп. Бір-екі мәрте мектепке барғам, мектепке барғанымды біліп қойып: «Атып тастаймын. Үрім –бұтағыңмен жоқ қылып жіберемін, жолама. Жоғарыда жамағаттар бар, браттар бар, бүткіл сақалдыларды жинап поляға апарып маңдайыңнан атып тастаймын. Қыздар саған да жоқ, маған да жоқ...сотыңа да, басқаңа да пәленшемнің бәрін қойып қойыппын. Қолыңнан ешнәрсе келмейді. Кімге сенесің?!»-деп менің әке-шешемнің жоқтығын пайдаланып, қолымнан ештеңе келмейтінін пайдаланып, мені өмірі угрожать етіп келді.  

Қыздардың анасы қайтып отбасын құрмағанын айтты. Сөзіне сенсек мейрамханалардың бірінде еден жуып күнелтіп жүр. Бар ойы қыздарымен қауышу. Қолыма алсам дейді. Бірақ олардың келісе қоятынына сенімсіз. Білуінше балаларының анасына деген көзқарасы кереғар.  

Ал балаларын азаптаған 28 жастағы келіншекпен Нұрмұхамедтың отасқанына үшінші жыл екенін айттық. Екеуінің ортақ бір ұлы бар. Қазір екіншісіне аяғы ауыр. Сот шешімімен басқа емес, үй қамаққа алынғаны сондықтан.

Анасы сотқа тартылған жағдай Түркістан облысында бұрын да тіркелген. Екі жыл бұрын Ордабасы ауданының тұрғыны 7 жасар ұлының басына зақым келтіріп, ыстық сумен күйдіріп, өлім аузында қалдырған-тын. Қазір қаныпезер ана жазасын өтеп жатыр. Тоғызға толған Асылға мүгедектік рәсімделген. Ол арнайы интернаттың қамқорлығында. Туыстары хабар алмайды екен.

Зульфия ХАШИРБАЕВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ № 6 БАЛАЛАР АРНАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ПЕДИАТР - ДӘРІГЕРІ: 

Асыл түстерді ажырататын болды. Жануарларды көрсетсек айтады, мынау қасқыр, мынау тасбақа деп.Мен ойлаймын дамуы жоғарылап келеді. Басынан қатты зақым тиген. Зақым болмағанда менің ойым дәрігер ретінде, бала сондай жағдайға келмес еді.  

ЮНЕСЕФ-тің дерегінше Қазақстанда зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалардың көрсеткіші 62 процентке жеткен. Бұл туралы Білім және ғылым министрінің кеңесшісі Раиса Шер ақпан айында айтқан.   

2018 жылы балаларға қатысты екі мыңнан астам қылмыс жасалыпты. Өсім Ақтөбе, Түркістан, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларында байқалады.

Көбінде болған жағдай жабулы қазан жабулы күйінде қалып жататыны жасырын емес. Тек әлеуметтік желі арқылы тарап кеткенде болмаса... Жалпы мұндай жағдайлардың алдын алу үшін не істемек керек? Жуырда депутаттар балаларға қатысты келеңсіздіктерді дер кезінде жарияламаған медицина өкілдері мен мұғалімдерге айыппұл салу мәселесін көтерген еді. Қазақстан аумағында кәмелетке толмағандарға байланысты құқықтарды бұзу немесе қатыгездік қарым-қатынас фактілері туралы сәуірден бастап Telegram мессенджерінде Bala Qorgay чат-арнасына хабарлауға болады. Ал Шымкентте белсенділер мектепішілік медиация құру керек деп отыр.

Гүлнара ҮСЕНОВА, «АСЫЛ БАЛА» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДАҒЫ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Біз балалардың бүкіл проблеманы бейбіт жолмен шешуге болатынына көздерін жеткізуіміз керек. Мейлі ол оқушының үйінде болып жатқан мәселе болса да. Отбасындағы қиындықтарды ашып айта алатын, сөйлесе алатын мәдениетті қалыптастыруымыз керек. Медиативтік жолмен жұмыс істей отырып біз бұл зұлымдықты жоя аламыз.

Жасөспірімдер арасындағы әлімжеттіктерді дер кезінде анықтау мақсатында Шымкент мектептерінде пилотты жоба ретінде «мектепішілік медиация» жобасы қолға алынбақ. Ол үшін таңдаулы оқушыларды психологиялық жағынан оқытып алады. Ал олар өз қатарластарының мазалаған мәселесін дер кезінде анықтап, тиісті көмегін бере қояды. Жоба жетекшілері мектеп баласы ересектерге қарағанда өзінің қатарласына көбірек сенім артатынын ескеру керек дейді.

Айзада Төребекқызы, Серік Талас «Біздің уақыт»