Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда қырғыз елінің экс-депутатына сот үкімі шықты

  • AstanaTV
  • 24 сәуір 2019
  • 4507

Қырғызстанның экс-депутаты Алматыда сотталды. Асылбек уулы Дамирбек 10 жылға түрмеге қамалды. Сот одан бөлек тағы 11 адамға үкім кесті. Қырғыз депутаты былтыр ақпан айында трансұлттық қылмыстық топ құрды деген күдікпен ұсталған. Сот залынан оралған әріптесім Олжас Нұржақып толығырақ айтып берсін.  

Олжас НҰРЖАҚЫП, ТІЛШІ: 

Қалалық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сот залында ине шаншыр орын жоқ. Айыпталушы орындығында 12 адам отыр. Бұқаралық ақпарат құралдарынан бөлек, сотталушылардың туыстары мен жақындары да үкімді естуге асыға жеткен. Басты айыпталушы Қырғыз елінің Жоғарғы Кеңес депутаты болған Асылбек уулы Дамирбек. Олар Қордайдағы шекара бекеттінде заңсыз әрекеттер ұйымдастырды деп айыпталуда.

Естеріңізде болса,айыпталушылар былтыр 15 ақпанда арнайы шара кезінде қолға түскен. Тергеу кезінде депутаттың қызметін асыра пайдаланып трансұлттық қылмыстық топ құрғаны анықталды. Ол халық тұтынатын тауарларды Қырғызстаннан Қазақстан мен Ресейге контрабандалық жолмен жіберіп отырған. 126 томдық тергеу ісі бүгін аяқталып, үкім жария болды. 

Бақытхан БӘКІРБАЕВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ: 

Асылбек уулы Дамирбек Қылмыстық Кодекстің 264 бабы, 1-ші тармағы, 234 баптың 2, 3-ші тармағымен айыпты деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылсын. Жаза мерзімін қатаң режимдегі колонияда өтесін және 5 жылға ел шекарасынан асуға шектеу қойылсын.

Қазақ-қырғыз шекарасын май шелпекке айналдырды деп айыпталған тағы екі қырғыз азаматына сол мөлшердегі жаза кесілген сәтте жиылған жұрт шу көтерді.  

Ақыры айыпталушылар да бір-бірімен жаға жыртысты. Судья амалсыз үкімді үзіп, залдағы туыстар мен БАҚ өкілдерін шығарып жіберді.   

Олжас НҰРЖАҚЫП, ТІЛШІ: 

Сот залынан 4 айыпталушы босап шықты. Ал қазақстандық кәсіпкер Есбол Жаппасов 14 жыл арқалады. Тағы 4 адам 3 жылдан 5 жыл аралығында үй қамақпен бостандыққа жіберілді.

О. Нұржақып