Алматыда тағы бір үміткер Президент сайлауына қатысатын болды. «Ұлт тағдыры» қозғалысының атынан Әміржан Қосанов саяси додаға түсуге дайын екенін мәлімдеді. Тоқсаныншы жылдардың соңында құрылған ұйымға саясаттанушы Дос Көшім жетекшілік етеді. Бүгін бірлестіктің аймақтардағы мүшелері бірауыздан белгілі саясаткер Әміржан Қосановтың кандидатурасын қолдады. Әміржан Қосанов 1964 жылы Қызылорда облысы Сапақ ауылында дүниеге келген. Негізгі мамандығы журналист. 1994-1997 жылдары Үкіметтің баспасөз хатшысы болды. Вице-министр деңгейіне дейін көтерілді. Ал 1998 жылы Қазақстан Халық партиясы төрағасының орынбасары, 2005 жылы Жалпыұлттық социал-демократиялық партия төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Ол ертең сағат 9-да Орталық сайлау комиссиясына келіп, құжаттарын тапсыратынын айтты.
Әміржан ҚОСАНОВ, САЯСАТКЕР:
Саяси күштер, топтар, олигархтық топтар, элитаның өзінің қазір осыған көзқарасы басқаша болып отыр. Сондықтан бұл үлкен саяси жағдай. Біз бұл шешіміге бірден келген жоқпыз. Өзім де саясатқа кеше келген жоқпын. 1997 жыыл Үкіметтен отставкаға кетіп, міне 22 жыл бойы осы салада жүрмін. Журналистер біледі. Бұл таңдаудың ерекшелігі бар. Бұл жолы таңдау Нұрсұлтан Назарбаев қатыспайтын Президенттің сайлаудың қарсаңында болып отыр.
Р. Асқарбекұлы