Русский Сайттың толық нұсқасы

Көпшіліктің пікірін ескермей, атом электр станциясын салу туралы шешім қабылдауға болмайды - Қ.Тоқаев

  • AstanaTV
  • 26 сәуір 2019
  • 3991

Атом электр станциясын салуда халықтың пікірі ескеріледі. Бұл туралы Семейге сапары кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Мемлекет басшысы шаһар жұртшылығымен кездесуінде Үкіметке ядролық сынақтың зардабын шеккендерге көрсетілетін әлеуметтік көмектің мөлшері бойынша ұсыныс әзірлеуді тапсырды. Полигон салдарынан түрлі дертке шалдыққандарды емдеумен қатар, оларға оңалту қызметін көрсету керек деді. Сондай-ақ, тарихи қаладағы көне ғимараттардың бастапқы бейнесін сақтап қалуды міндеттеді. Ал облыс басшылығына Семейді дамытудың 2025 жылға дейінгі арнайы бағдарламасын жасауды тапсырды. Қаладағы көпірлер мен жолдарды жөндеу бойынша шұғыл шешім қабылдау керек деді. Мемлекет басшысы атом электр станциясын салу мәселесі қоғамда қызу талқыланып жатқанына да тоқталды. Айтуынша, 2030 жылға қарай елде электр қуаты жетіспеуі мүмкін. 

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: 

Сондықтан осы мәселені қазір шешуіміз қажет. Дегенмен, көпшіліктің пікірін ескермей, атом электр станциясын салу туралы шешім қабылдауға болмайды. Бүгінде бұл станцияның қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатын көптеген технология бар. Сонымен қатар, АЭС жаңа жұмыс орындарын ашып, Қазақстанның энергетикалық дербестігін қамтамасыз ете алатынын ескерген жөн.

Абай еліне сапарлаған Президент келесі жылы ұлы ақынның 175 жылдығын мемлекеттік деңгейде атап өту керегін айтты. Мерейтойға қажетті шараларды әзірлеуді Үкіметке тапсырды. Абай мұрасын «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызды бағдарына айналдыру қажет деді. Сондай-ақ, Абай туралы айтқанда, оның әкесі - Құнанбайдың ел тарихындағы еңбегін ұмтыпауды ескертіп, облыс әкімдігіне қажының есімін ұлықтау үшін тиісті іс-шараларды қарастыруды тапсырды.   

Д. Қайыртай