Русский Сайттың толық нұсқасы

«Нұр-Сұлтан» атты жаңа кеме жасалды. Бірақ зауытқа тапсырыс тым аз...

  • AstanaTV
  • 27 сәуір 2019
  • 4968

Осы аптада еліміздің теңіз қақпасын күзеткен әскери кемелердің қатары тағы бір кемемен толықты. Бұл – әйгілі оралдық «Зенит» зауыты құрастырған отызыншы кеме. Дегенмен зауыт қызметкерлері тапсырыстың аздығына алаңдап отыр. Мемлекеттік тапсырыс болмаса, мыңға тарта адам жұмыс істейтін зауыттың өз бетімен күн көруі қиын. Тоқсаныншы жылдардың басындағыдай шәйнек, еттурағыш, темір пеш секілді тұрмыстық бұйымдар жасап, меншікті тілшіміз Еркін Карин айтпақшы, «тышқаншылап» кете ме? Мемлекеттік бюджеттің қаржысы осындай жобаларға бөлінгеніне ешкім ренжімейді. Соны айтқымыз келген.  

-Зауытта жасалған өнімдерді көрсетіп жатыр.

Жарты ғасыр бойы зауыттың «отымен кіріп, күлімен шыққан» жобалаушы-конструктор Богдан Хомко – көптеген жаңа құрылғының авторы. Радиоэлектронды аппараттар жасаудың маманы дұшпан кемелерін іздеп, жойып жіберетін құрылғыларды құрастырды. Көбісі әлі күнге қолданылады. 

Богдан ХОМКО, ӨНЕРТАПҚЫШ: 

Біздің зауыттың ерекшелігі сол, мұндағы әрбір бұйым қолмен жасалады. Қолдан құрастырылғасын әр өнім бір-бірінен ұқсамайды. Біз жасаған кемелер мен катерлерде жүзетін әскерилердің ұсыныс-өтініштерін ескеріп, мүмкіндігін жетілдіреміз. Қазіргі өндірістің қуаты су ығыстырымдылығы 600 тоннаға жететін кеме жасауға жетеді.

78 жылдық тарихы бар оралдық зауыт Ұлы Отан соғысы кезінде қоршауда қалған Ленинградтан көшірілген еді. Зауытпен бірге келген жұмысшылар күндіз-түні тыным таппады. Осындай қажырлы еңбектің арқасында бір айға жетпейтін уақытта алғашқы торпеда құрастырылды. «Ізсіз» деп аталған бұл қару немістің мыңдаған кемесін жойыпты. Әрбір жиырмасыншы кеме Жайық жағасында жасалған торпедалардан суға батқан. Соғыс кезінде бұл қаруға тең келері болмаған екен. Дегенмен Одақ ыдыраған жылдары кәсіпорынға қиын тиді. Сол кезде қосымша табыс іздеген алып зауыттың шәйнек, еттурағыш, темір пеш секілді тұрмыстық бұйымдар жасап, «тышқаншылаған» кездері де болған. Ал 93-інші жылдан бастап еліміз теңіз техникасын құрастыруды жолға қойды. Жайықтан Ақтауға аттанған кемелердің бірқатары ұзақ жылғы қызметтен кейін қайта жөнделіп жатыр. 

Еркін Карин, тілші: 

Бұл кеме осыдан он жыл бұрын шығарылған. Содан бері еліміздің теңіз қақпасы Каспий теңізін торуылдап, шекара бұзған қаскөйлер мен браконьерлерді құрықтаған. Қазір кеме жөнделіп жатыр. Алдағы күндері көк айдынға қайтадан жол тартады.

- Зауытта жасалған кемені суға түсіру үшін айлаққа әкеле жатыр... 

Зауыт ұжымы мерейтойлық отызыншы кемесін «Нұр-Сұлтан» деп атаған. Бұл - ұзындығы 42 метр, ені 8 метрге жуық алыпты зауыт ауласынан айлаққа апару да оңай емес. Күші 5 баллдық дауылға да шыдайтын кеменің жылдамдығы - сағатына 60 шақырым. Ашық теңізде өздігінен 10 тәулік жүре алады. Қуатты пулеметі мен зеңбірегі оралдық қару-жарақ зауытында жасалған. 

Сабыр ХАСАНОВ, ҚР ҰҚК ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: 

Ол тек қана теңіздің үстін емес, ол су астындағы бұзушылар болса, соларды да тексеріп, ұстай алады. Өзінің локациялық стансасымен көрсете алады: «мынадай жерде заңбұзушылар жүр деп». Соған байланысты зымыран катерді жібереді. Өздері бірігіп, теңізде жұмыс істейді.

Нақты есеп пен салқын ақылға жүгінетін жандар да ырымшыл келеді екен. Бұл жолы да теңізшілердің көне жоралғысы ұмыт қалмады. 

- Кеме қапталына шампан сусынын ұрып сындырды. 

Зауыт мұндай ірі кемелерді бұған дейін де жасаған. Қазір де мүмкіндігі жетеді, жұмысшылар жыл сайын бірнеше кеме құрастыра аларына сенімді. Бірақ бәрі қорғаныс саласына бөлінетін мемлекеттік тапсырысқа тәуелді. Әрі әскерилердің де тапсырысы жеткіліксіз, дейді зауыт өкілдері. Сондықтан қосымша қаржы көзін іздеп, мұнай-газ саласына қажетті қондырғыларды жасап та көрген. Бірақ шағын көлемде. Ал мыңға тарта жұмысшысы бар үлкен кәсіпорын іркілмей жұмыс істеуі үшін үлкен тапсырыстар керек. 

Виктор ГАРЧЕВ, "ОРАЛДЫҚ "ЗЕНИТ" ЗАУЫТЫ" АҚ БАС ИНЖЕНЕРІ: 

Зауыттың мүмкіндігі орасан. Бірақ тапсырыс жоқ. Сондықтан жоғарыдағылар біздің өтінішімізге құлақ түрсе екен, кеме жасауға мүмкіндік берсе екен. Әйтпесе жылдар бойы жиналған тәжірибе мен білікті мамандардан айрылып қаламыз. Содан кейін оны қалпына келтіру өте қиын болады. Қазіргі жағдайымыз тек тапсырысқа байланысты.

Әскерилердің сөзінше, қазір Каспийді шекара бұзатын қаскөйлер мен браконьерлерден қорғайтын шекара күзеті кемелермен 80 пайызға қамтылған. Демек кемеге қажеттілік әлі бар. 

Дархан ДИЛЬМАНОВ, ҚР ҰҚК ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ, ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: 

Бұл мәселені шешуге тырысамыз. Тапсырыс тұрақты болуы үшін үкімет те қол ұшын береді деген үміттеміз. Бізге жүйрік әрі қуатты кемелер керек. Осындай он шақты кеме сатып алсақ, жоғымыз бір түгенделіп қалар еді. Су ығыстырымдылығы 500 тоннадан асатын, шағын тікұшақ қонатын алаңқайы бар кеме жасатқымыз келеді.

Вячеслав ВАЛИЕВ, "ОРАЛДЫҚ "ЗЕНИТ" ЗАУЫТЫ" АҚ ДИРЕКТОРЫ: 

Кеме шекарашылар ғана емес, әскери теңіз күштеріне де қажет. Бірақ бәрі де мемлекеттік тапсырысқа байланысты. Өйткені кеме өндірісіне қомақты қаржы керек. Бірақ бұл мемлекеттің қауіпсіздігі үшін қажет. Сондықтан әділ шешім қабылданып, қажетті өнімдерді одан әрі құрастыра береміз деген сенімдеміз.

Мамандар суға түсірілген кеменің жүзу қабілетін тексеріп, арнайы сынақтан өткізеді. Содан кейін әскери-теңіз күштеріне қабылданып, қазақ елінің Каспий теңізіндегі шекарасын күзетуге кіріседі. Ал «Нұр-Сұлтанның» ізін кім басарын Нұр-Сұлтандағылар шешеді.  

Еркін Карин, Наурыз Халит «Біздің Уақыт»