Русский Сайттың толық нұсқасы

СҚО-да халықтан 70 мыңға жуық монета жиналды

  • AstanaTV
  • 30 сәуір 2019
  • 3853

Қызылжарда Ұлттық Банк ұйымдастырған акция нәтижесінде тұрғындардан 70 мың монета жиналды. Бұл шара наурыз айында басталған еді. Мақсат-қаржы айналымындағы тиын тапшылығын жою үшін жасалған болатын. Бүгін аталған шараның қорытындысы жарияланып, үздік үш адамға сыйлықтар табыс етілді. Солардың бірі - 100 теңгелік тиынды 8 жыл жинаған қала тұрғыны Галина Гришманова 350 мың теңге өткізген. Оған сыйлық ретінде салмағы 31 граммдық күміс монетаға табыс етілді. 

Галина ГРИШМАНОВА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Дүкен-дәріханаға барғанда, ірі ақша берсең қайтырымға жаңа жүз теңгелік монеталар береді. Солар көзіме түсті. Содан бері оларды мақсатсыз жинап отырдым. Алдымен үш литрлік банкеге салып отырдым. Оған сыймай қалғасын басқа да бөтелкелерге салуға тура келді. Сөйтіп, сегіз жылдың ішінде 36 келі монета жинап алыппын. Санасам 350 мың теңге шықты. Оны депозитке салдым. Енді тиын жинауды қайтадан қолға алдым.

Қаржылық институт бұқараның белсенді түрде атсалысқанын айтады. Бір айға созылған акцияның нәтижесінде халықтан 69 мыңнан астам монета жиналған. Жалпы құны 3 миллион 200 мың теңгеге жуықтайды. Ұлттық Банк өкілдерінің айтуынша, тұрғындар көбінде 100 теңгелік тиындарды сақтайды екен. Ал екі теңгелік монеталарға керісінше сұраныс аз көрінеді.   

Мейрам МАМБЕТОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНКІ СҚО ФИЛИАЛЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Акцияның барысында күнде ең кем дегенде 5-6 адам ұсақ ақшасын тапсырып отырды. Кейбіреуі 500 теңге өткізсе, енді бірі 300-400 мың теңгеден тапсырды. Нәтижесінде біраз қаражат жиналып қалды. Қабылданған монеталардың барлығы қайтадан айналымға жіберіледі. 

А. Құрманкин