Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда соққыға жығылған көше тазалаушылардың бірі жансақтау бөлімінде жатыр

  • AstanaTV
  • 30 сәуір 2019
  • 3440

Алматыда соққыға жығылған көше тазалаушылардың бірі әлі жансақтау бөлімінде жатыр. Ақ халаттылар оның жағдайы ауыр екенін айтты. Осыдан 4 күн бұрын қаладағы көп қабатты тұрғын үйлердің ауласындағы қоқысты тазалап жүргендерді 4 жігіт тепкіге алған. Полиция бұзақыларды тауып қамады.   

Оқиға 26 сәуір таңғы уақытта болған. Қаладағы көпқабатты тұрғын үй аулаларының бірінде қоқыс тазалауға келген жұмысшыларды 4 адам соққыға жығады. Дәл осы сәтті аула тұрғындарының бірі видеоға түсіріп алған. Қала тазалығына жауапты мекеме басшылығы жұмысшыларын үздіктер қатарында екенін айтады. Сондықтан олар өздері ұрынбайды деп отыр.  

Айбек РАҚЫМОВ, «ТӘРТІП» АҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: 

Жағдайдың бұлайша күрделенуі қоқыс контейнерлері алдына көлік қойылған. Яғни, бұл бірінші жағдай емес. Тұрғындар көліктерін тура контейнер алдына қалдырады. Ал біз таңғы мезгілде тазалық жұмыстарын жүргізуге келгенде амалсыз оларды оятуға, көліктерін шетке алуға өтініш жасаймыз. Салдарынан қызметкерлеріміз сан түрлі ғайбат сөз естиді, таяқ та жейді. Қазір екі жұмысшымыз денсаулығына байланысты үйлерінде. Ал ауыр жарақат алған азаматқа мекеме тарапынан көмек көрсетіп жатырмыз.

Кестеге сай күнделікті жиылған қоқысты тазалауға 3 адам шығады. Сол күні 2 адам жеңіл жарақат алса, тағы біреуі жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізіледі. Оған ота жасалып, қазір жансақтау бөліміне жатыр.  

Ербол МӘКЕЖАНОВ, №7 ҚАЛАЛЫҚ КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ ДӘРІГЕР-НЕЙРОХИРУРГІ: 

Зерттеулер нәтижесінде ауыр бас ми жарақаты анықталды. Сондықтан өмірлік көрсеткіш бойынша операция жасалды. Қазіргі жағдайы реанимация бөлімшесінде. Ем қабылдауда. Жағдайы ауыр.

Оқиға орын алған сәтте тұрғындардың бірі тәртіп сақшыларын да шақырған. Тез арада жеткен полицейлер оқиға ізін суытпай 4 адамды ұстады. Қазір олар уақытша қамау изоляторында.  

Салтанат ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: 

Олар ізін суытпай жатып қамауға алынды. Қазіргі таңда сот алды тергеуді Бостандық аудандық ІІБ қызметкерлері жүргізуде. Міндетті түрде сот медициналық сараптама тағайындалатын болады. Дене жарақаттарын алған азаматтың ауырлық деңгейі қаншалықты екенін анықтау мақсатында.

Ресми өкілдің айтуынша, күдіктілер сол күні ащы судан ұрттаған. Қазір оларға қатысты «бұзақылық» және «қасақана адам денесіне зиян келтіру» дерегімен іс қозғалды.  

О. Нұржақып