Русский Сайттың толық нұсқасы

Елордада жатақхана өртенді: 26 адам зардап шекті

  • AstanaTV
  • 02 мамыр 2019
  • 3060

Астанада өрт шықты. Бес қабатты жатақхана бөлмесінен тұтанған улы газдан 26 адам адам зардап шекті. Оның 14-і бала. Бір бүлдіршін жанқсақтау бөлімінде жатыр. Қалғанының жағдайы орташа. Қара түтіннен шыға алмай қалғандар терезеден секіруге мәжбүр болды. Өрт таңғы 10 жарымдар шамасында шыққан. Төтенше жағдай қызметкерлері уақытында өшіріп үлгердік деп отыр. Болжам бойынша өрт электр тогының қысқа тұйықталуынан болған.   

Саят КАЖИМОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ ТЖД ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМШЕСІНІҢ БАСТЫҒЫ: 

Бес қабатты жатақхананың екінші қабатында 20 шаршы метр ауданда пәтерде жиһаз жану анықталды. Өрт барысында 32 адам құтқарылды. Оның 28-і бала. Өрт сөндіруге 18 техника, 66 жеке құрам өрт сөндіруші қатысты.

Ғимарат 1974 жылы салынған. Құлауға шақ тұр. Мұндағы құбырлар жарыла берген соң жылу жүйесі ағытылған. Тұрғындар электр пешін пайдаланып отырғандарын айтады. Өрттің шығуына қысым да әсер етуі мүмкін деп отыр. Адам тұрғысыз жатақханада төтенше жағдай қаупі жоғары екенін тиісті мекеме мамандары да мойындайды.  

Мейрамгүл БАЙЖІГІТОВА, ЖАТАҚХАНА ТҰРҒЫНЫ: 

Мына «домның» төбесі «вообще» ашық. Үйдің ішіне су деген ағып жатыр. Мен КСК-ға звондадым. Айттым, төбеміз ашық, су ағып жатыр, не істеймін? Астына тазик қойып қоямын. Маған төлеп жатқан «мелочьтарыңды» міндет қылмаңдар дейді.

Жатақханада 150 шақты отбасы тұрады. Біразы көпбалалы жанұя. Бес жылдан бері жатақхана жөндеу жұмысын көрмеген. Әзірге әкімдік бұзуға үйді құлық танытпай отыр дейді тұрғындар. 

А. Сейфулла