Русский Сайттың толық нұсқасы

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары аймақтарды аралауға шықты

  • AstanaTV
  • 03 мамыр 2019
  • 4828

Мектептердегі тоқсандық жиынтық бағалау мұғалімдер үшін тиімсіз. Алматыға жұмыс сапарымен барған Мәжіліс төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева білім жүйесіндегі реформалардың шикі тұстарын сынға алды. Өңірлерді аралап жүрген өзге мәжілісмендер де көп балалы отбасыларға жасалуы тиіс қамқорлық пен денсаулық саласында да шешілмей жатқан түйткілдерді тыңдады.  

Депутат Зағипа Бәлиева бастаған топ бүгін Қазақ ұлттық аграрлық университетке барды. Парламент депутаттары жоғарғы оқу орындары бойынша жасалып жатқан реформаларға тоқталды. Соның бірі-оқу орындарының өзін-өзі қаржыландыру мәселесі. Бұл оқу орны да коммерциялық емес акционерлік ұйымға айналған. Мұнда оқытушылар құрамының сапасын арттыруға мән беру қажеттігі айтылды. Ал өзі ұстаз, әрі Алматы қаласының білім саласын ұзақ жыл басқарған мәжілісмен Гүлмира Исимбаева №159 гимназияға ат басын бұрды. Тағы бір оқу жылын артқа тастаған мұғалімдер жүктеменің тым көп екеніне шағымданды.    

Гүлмира ИСИМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ, «NUR OTAN» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:  

Мен тоқсандық жиынтық бағалау сияқты жүйенің қанша уақытқа созылатынын білмеймін. Егер мен мұғалім болсам, бұларды толтыра алмас едім. Тіпті, осы мәселені депутат ретінде талқылау ұсынғанда, шақшадай басым шарадай болды. Біздің қазіргі реформада мұғалімдер үшін ауыртпалық көп. Тек осы жаңашылдықтар өз нәтижесін берсе деп тілейік.

Ал, Қостанай облысына барған мәжіліс депутаттары аймақтағы бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Ирина Аронова бастаған депутаттар Рудный, Лисаков шаһарларында болып, еңбек ұжымдарымен дидарласты. Бұл өңірде жастар арасында әлеуметтік кәсіпкерлік, мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту мәселесі өткір тұр.  

Жәмилә НҰРМАНБЕТОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «NUR OTAN» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ: 

Статистикаға қарасақ 300 мың жұмыссыз өз-өзін жұмыспен қамтыған жастар. Ол жастар санының 9 пайызын құрайды. Осы жастар санын азайту үшін «Жас маман», «Жас кәсіпкер» деген жобалар Елбасының бастауымен осы жылдан бастап іске асырылады.

Маңғыстауға барған депутаттар болса, көп балалы отбасылардың мәселесіне назар аударды. Аймақта биылғы жылдың екінші тоқсанынан бастап көп отбасыларға 100 мың теңгеден бір реттік төлемақылар берілген. Маңғыстаулық кәсіпкерлер қайтарымсыз гранттар ала алады. 

Сәкен ӨТЕБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «NUR OTAN» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ: 

Соңғы екі айда барлық жерде көпбалалы аналарға көмек қолын созу белең алды. Үймен қамтамасыз ету үшін заңға да өзгерістер енгізілді. Жалға пәтер беру үшін ел бюджетінен қыруар қаражат бөлінді. Одан кейін көп балалы отбасыларын пәтер кезегіне қоюға ерекше назар аударалып жатыр.

Қарағанды облысындағы Ақсу-Аюлы ауылында жағдайы төмен отбасылар үшін әлеуметтік дүкен ашылды. Бұл жерден енді Шет ауданында күн көрісі төмен отбасы ретінде тіркелген 30 отбасы азық-түлік, киім-кешек пен тұрмысқа қажетті заттар алып тұрады. Дүкенге кәсіпкерлер, ауыл тұрғындары мен түрлі мекеме өкілдері демеушілік жасайды. «Халыққа көмек» жобасы аясында ашылған дүкенде бүгін мәжілісмендер де болып, оң баға берді.  

Р. Асқарбекұлы