Апта басында біздің жаңалықтардан сексен жыл бұрын Қиыр шығыстан жер аударылған кәрістер, Кавказдан қуылған түрік ағайындарға Қызылорда облысында ІІІ Интернационал атты колхоз құрып берілгені, кеңес өкіметі құлағаннан бері де тап-тамаша тірішілік қылып отырғандары сипатталатын сюжет өткен еді. 15 ұлттың өкілі берекелі өмір сүріп отырған ол ауыл мен туған Қармақшы ауданында, жақсы білемін. Бала кезімізде «ІІІ Интернационал деген колхоз бар, керемет – көшелері оқтай, үйлері еңселі, жап-жасыл, ең бастысы миллионер колхоз» дегенді еститінбіз. Жоспарлы экономика күйрегесін де күрмек жеп қалмағандарының сыры – еңбекқорлығынан болса керек.
Аптаны Қазақстан халқы ассамблеясының кезекті 27-сессиясы ашты. Тұңғыш Президент, ассамблея торағасы Н.Назарбаев діні, тілі бөлек ұлттардан құралған Қазақстан Балқан түбегі елдерінің тағдырын қайталайды, басы бүтін ел болмайды, деп болжағандар болғанын еске алып, еліміз төзім мен татулықтың арқасында Балқандай талқаны таусылмағанына тоқталды. Югославияны айтам.
Сексен жыл бұрын Қиыр шығыстан жер аударылған кәріс халқы, Кавказдан қуылған түрік ағайындар Қазақстаннан пана тауып, Қызылорда облысындағы 3- Интернационал атты ауылдың басын құрған. Қазір бірлігі жарасқан мекенде 15 ұлттың өкілі бейбіт, берекелі өмір кешуде. Бір-бірінен қыз алысып, өзге ұлттармен құдаласып жатқандарын тек мақтанышпен айтады. Ауылдағы барлық іс асармен, ауызбіршілікпен тынады, деген ағайын бүгін Гукчак апайдың үйіне жиналды. Өзі әзербайжан, отағасы-өзбек, келіні-түрік әулеттің басты қағидасы: сыйластық пен ауызбіршілік. Ал берекелі дастарханның мәзірін әзірлеуге Гукчакқа құрбысы-белорус қызы Людмила- көмектеседі. Айтпақшы, оның жолдасы-кәріс.
Гукчак ИСКЕНДИРОВА, ІІІ ИНТЕРНАЦИОНАЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Біз әр мерекеге осылай бас қосып, түрік, кәріс, қазақ ұлттық тағамдарын дайындап, ең бастысы - ет асамыз. Ал бауырсақсыз бірде-бір мереке өтпейді. Біз тату өмір сүріп келеміз, ол - рас. Өз тағдырымызға ризамыз.
Осы дәстүр кәрістердің тарихи отанындағыларды да таң қалдырса керек. Чу Ионг-Мин Қазақстанға арнайы келіп, ұлтаралық татулық тақырыбын зерттеп жүр. Оңтүстік Корея - 97 процент кәрістен құралған моноұлтты ел. Чу Ионг Астанада үш жылдан бері тұрады. Еуразия Ұлттық университетінің докторанты. Сеулден келген қызға қазақ достары Баян деген лақап ат та берген.
Чу ИОНГ-МИН, Л.Н. ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕҰУ ДОКТОРАНТЫ:
Достарым мені Баян деп атайды. Олар менен кейде «Қозы Көрпешің қайда?» деп әзілдеп сұрайды. Мен оларға : «Қозы мені іздеп жүрген шығар» деп жауап беремін. Мүмкін Қозыны Қазақстаннан табармын...
1-наурыз ресми түрде алғыс айту күні болып саналғанмен, әдетте өзге ұлт өкілдері 1-мамырда ағынан жарылып жатады. Гаукс Вальтер 23 жыл бұрын Қоңырат ауылынан Германияға көшіп кеткен. Берлинде белсенді. Жергілікті жастар ұйымын басқарады. Қазір Қазақстанда 180 мың неміс қалған. 800 мыңы тарихи отанына қоныс аударыпты.
Гаукс ВАЛЬТЕР, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ, ЖАСТАР ҰЙЫМЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Немістердің бәрі Қазақстан халқы қандай жақсылық жасағанын біледі. Қазақстанды сүйеді. Көбі осында келіп, жусан жұлып алып кетеді. Жусан иісі - біздің есімізге даланы түсіреді. Қазы мен ет - біздің әлі күнге дейінгі сүйікті асымыз. Ал қымыз Германияда да өндіріліп жатыр.
Ассамблея төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев кезінде қазақ жерін мекендеп, тарихи отанына көшіп кеткен осындай өзге ұлт өкілдерінен шетелдік достар клубын құрып, инвестор тартуды ұсынды. «Діні, тілі, ділі бөлек ұлттардан құралған Қазақстан Балқан түбегі елдерінің тағдырын қайталайды» деп болжағандар бар, - деді Елбасы. Бірақ төзім, бүгінше айтқанда толеранттық бұған жол бермей отыр. Тегі бір, туысқан - Ресей мен Украина дұшпандыққа дейін барып жатқанда, біздікі шынымен татулықтың озық үлгісі дерсің. Назарбаев тағы да Киев пен Мәскеуді мәселені бейбіт жолмен шешуге шақырды.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ, ҚХА ТӨРАҒАСЫ:
Нам верят все - ближние и дальние соседи. У нас проходят все эти встречи. Наша страна внесла вклад в снижение напряженности вокруг Нагорного Карабаха, Пакистана, Индии, Ирана и Сирии, России и Турции, как вы помните. (...) Неоднократно мы помогали Киргизии выходить из конфликтов и многие другие.
Интеграция - бірігу, кірігу. Әсіресе, экономикалық мүдде жолында маңызды. Дамудың басқа кілті жоқ. Ал бір-бірімен текетірескен алып елдер ақылынан адасқан дейді Н.Назарбаев.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ, ҚХА ТӨРАҒАСЫ:
Все сегодня в мире об этом говорят - конфронтация, санкции Америки против России, торговая война с Китаем, Европа, Азия... В общем, с ума сошли все. Расцвет и развитие лежат только через интеграцию. Сначала интеграция, торговля между соседями - это база для человеческого и политического сближения.
1995-жылы Шешенстанда соғыс басталып, жарақат алған екі жасар баланың көзі соқыр болып қалады. Сол кезде отбасы бас сауғалап Қазақстанға үдере көшкен. Жігіт бүгінде 5 тіл біледі. Білдей бір мұнай компаниясында басшы.
Джамалайл ЭЛМИХАНОВ, «ЕМИР-ОЙЛ» ЖШС КЕН ОРНЫНЫҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ:
26 жасымда малайзиялық «Емир-Ойл» компаниясының кен орындары бойынша басқарма бастығы болдым. Бұрынғы босқын, соқыр, соғыс баласы... Қазақстанда еңбектің арқасында жетістікке жету мүмкін емес дегенді маған енді біреу келіп шамасы жетсе, дәлелдеп көрсін.
Катя – Оралдағы дарынды балаларға арналған қазақ мектебінің 6 сыныбында оқиды. Әкесі Юрий өзіне дейінгі екі апасы – Антонина мен Варвараны да қазақ мектебіне берген. Осы тұста айта кететіні, Оралдағы қазақ мектептерінде өзге ұлттардың 246 баласы білім алып жатыр. Бірақ өкінішке қарай, баласын орыс мектебіне берген қазақтардың саны көбейген. Мысалы, 2017-2018 оқу жылында 6318 қазақ баласы орыс мектебінде оқыса, биыл олардың қатары 1614 баламен толығыпты. Баласын орысша оқытатын қазақтар өздерінің кезінде орысша оқығанын, енді ұл-қызының қазақшаға кері бейімделуі қиын болатынын сылтауратады екен...
Ал Катя өскесін дәрігер болатынын, тіпті ауылда да жұмыс істей алатынын айтады.
Екатерина КАЗАНИНА, С.СЕЙФУЛЛИН АТЫНДАҒЫ №11 ОБЛЫСТЫҚ ҚАЗАҚ МЕКТЕП-ИНТЕРНАТ КЕШЕНІНІҢ 6 СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:
Мен болашақта дәрігер болғым келеді. Қазақстанда тұратын басқа ұлттар да қазақ тілін білуі керек. Себебі олар осы елде тұрады, олар осы елге қызмет етуі керек.
Мөлдір Бақытқызы, Еркін Карин «Біздің уақыт»